15 мая, 2025
Қостанай құтқарушылары қар құрсауынан 39 адамды құтқарды

Қостанай құтқарушылары қар құрсауынан 39 адамды құтқарды

Облыс аумағында қалың қар мен боран салдарынан ондаған көлік жолда қалып қойды.

ТЖД құтқарушыларының жедел әрекет етуінің арқасында 39 адам қар құрсауынан құтқарылды. Олардың ішінде 3 бала мен жүкті әйел бар.

Жанкелдин ауданы Торғай ауылынан 8 км жерде, «Торғай – Шеген» автожолында қарға кептелген жеңіл көліктен 1 адам эвакуацияланды.

Шеген ауылынан 40 км жерде, «Торғай – Ақшығанақ» тас жолында 3 жеңіл көлік қардан шығарылды. 11 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылып, Ақшығанақ ауылына жеткізілді.

«Шеген – Торғай» тас жолында 5 адам, оның ішінде жүкті әйел құтқарылды. Барлығы Торғай ауылына жеткізілді, медициналық көмек қажет болмады.

Арқалық қаласынан 30 км қашықтықта, «Фурманов – Восточный» тас жолында 2 адам құтқарылды. Олардың жолдың тазартылған бөлігіне шығарылды.

Жалғызтал ауылынан 25 км жерде, дала жолында құтқарушылар тағы 2 адамды эвакуациялап, Арқалыққа жеткізді.

Қарасу ауылынан 12 км жердегі Қойбағар көлінінен 5 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Барлығы Қарасу ауылына эвакуацияланды.

Денисов ауданы Перелески ауылы маңында, Жоғарғы Тобыл су қоймасында қар құрсауында қалған 3 көлік шығарылды. 6 адам құтқарылды.

Науырзым ауданының жанындағы «Әулиекөл – Жалдама» автожолының жабық бөлігінде, Степняк ауылынан 3 км жерде, қар құрсауында қалған 3 көлік құтқарылды. 7 адам құтқарылып, Дәмді ауылындағы жылыну пунктіне жеткізілді.

Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында барлық жүргізушілер мен жолаушылар дер кезінде эвакуацияланды, ешкімге медициналық көмек қажет болмады.

ТЖМ көлік жүргізушілерін ауа райы жағдайларын ескеруге, жолда сақтық шараларын сақтауға және қолайсыз ауа райында алыс сапардан бас тартуға шақырады. Төтенше жағдай кезіңде 112 нөміріне дереу хабарласу қажет!