30 мая, 2025
Қостанай құрылыс колледжінде Жұмысшы мамандықтары жылының ашылу рәсімі өтті

Қостанай құрылыс колледжінде Жұмысшы мамандықтары жылының ашылу рәсімі өтті

Салтанатты іс-шара аясында бірқатар студент пен олардың тәлімгерлері Алғыс хаттармен марапатталды.

Бүгінде жетпіс жылдық тарихы бар оқу орны 40 мыңнан астам жұмысшы маман даярлап шығарды. Алдағы жылы аталған оқу орнына 70 жылдығын кең көлемде атап өтпек.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, адал еңбегімен жетістікке жеткен жандардың қоғамда ерекше құрметке лайық екенін атап өткен болатын. Мереке әсерлі бейнебаянмен басталып, бітіріп кеткен түлектер мен қадірлі қонақтардың құттықтау лебіздерімен жалғасты. Олар жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын атап өтіп, бұл мамандықтардың ел экономикасының негізі екенін ерекше айтты.

 

-Мен үш мамандықты қадір тұтамын. Бірінші – ұстаздар, екінші – дәрігерлер, үшінші – құрылысшы мамандар. Осы аталған маман иелеріне құрметпен қарайық. Менің әкем құрылысшы еді. Әкем салған мектепте оқыдым, әкем салған мәдениет үйіне биге бардым, әкем салған театрға қойылым көруге бардым, ең бастысы, әкем салған үйде тұрып, өстім. Мен әкемді мақтаныш тұтамын. Сондықтан жұмысшы мамандығын қадірлеймін, — деп құттықтады Қостанай облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова.

Жұмысшы мамандықтар жылының ресми ашылуы колледждің мақтанышы, халықаралық жарыстардың жүлдегері Иван Александровтың қатысуымен өтті. Ол арнайы пультті басып, экранда жылдың логотипін ашты. Бұл сәт көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Іс-шара барысында әлеуметтік серіктестер – «БК-Строй» ЖШС бас инженері Асхат Жаңбырбаев және «Рудныйсоколовстрой» АҚ ұйымдастыру бөлімінің бастығы Сағындық Ташетов құттықтау сөздерін жеткізді. Еңбек адамдардың қоғамдағы беделіне тоқталды. Олар колледж түлектерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтіп, алдағы жетістіктеріне сенім білдірді.
Қостанай құрылыс колледжінің директоры Серікбай Қадыров студенттер мен педагогтерді марапаттап, олардың еңбегі мен жетістіктерін ерекше атап өтті. Бірқатар студент пен олардың тәлімгерлері Алғыс хаттармен марапатталды.Мерекелік бағдарлама барысында колледж студенттері шығармашылыққа бейім екендерін көрсетті. Мәнерлеп жанынан шығарған өлеңдерін оқып, әндер орындады. «Что нам стоит дом построить?» әні жұмысшы мамандықтардың әнұранына айналып, барша қатысушылардың көңілін бір серпілтті.

-Техник-құрылысшы біліктілігін меңгеріп, болашақта жоғары білім алып, мамандық бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Мамандықты игеру барысында мен кең бейінді шебер құрылысшы ретінде жұмысшы біліктілігін алдым. Оқу кезінде құрылыс компаниясында өндірістік оқудан өттім. Тәжірибе барысында жан-жақты білім алып, арматура, бетон және таспен жұмыс істеуді үйрендім. Тәжірибеге төлем ақы төленді, бұл жас студент үшін жақсы қолдау, — дейді Қостанай құрылыс колледжінің 4-курс студенті Нұрболат Айтан.

Жұмысшы мамандықтары жылының ашылуы колледж қабырғасында ұйымдастырылған көрмемен аяқталды. Бұл іс-шара ел болашағы үшін маңызды мамандықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Қостанай құрылыс колледжі жастарды еңбекқорлыққа, шеберлікке және өз ісіне адалдыққа тәрбиелеуде өз үлесін қоса бермек.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК