Қала әкімі Марат Жүндібаев бүгін, 6 сәуірде түстен кейін тасқын су мол келетінін айтты. Себебі Қаратомар су қоймасының су ағызу жылдамдығы секундына 2500 текше метрден асқан. Аталмыш қоймадағы су ернеуіне жетіп, 97% толған.
“Қатты су қарқыны түстен кейін келеді деп болжанып отыр. Кешке екі немесе одан да артық есе тасуы мүмкін. Өйткені 6 сәуірде сағат 08:00-де суды ағызу секундына 2640 текше метрге дейін ұлғайтылды, бұл ретте ағын секундына 3361 текше метрге жетеді. Қаратомар су қоймасы толуға жақын. Сол себепті олар келген суды бөгеместен, қанша келсе, сонша жібереді. Өзен деңгейі көтерілді. Еліміздегі барлық су қоймасы толды, енді артығын ағызу жұмыстары жүріп жатыр”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы төлемін алу үшін жарияланды.
Бұл өтемеқы жерлікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін болады.
“Қыста қар шығару жұмыстарын дер кезінде атқардық. Әйтпесе, қазір біраз үйді су басып кетер еді. Жергілікті билік, құтқарушылар, еріктілер судың жағалаудағы тұрғын үйлерге жетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Өзендердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Жағалауды нығайту, еріген суды сору және бұру жұмыстары атқарылуда”, – деді Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындарға үндеу тастады. Аулаға су кіргенін күтудің қажет жоқ екенін айтты. Ертерек қамдануға шақырды.
“Тұрғындар қауіптің қаншалықты деңгейде екенін сезінуі қажет. Көбісі мән бермей отыр. Шын мәніде, сақтану шараларын жүргізу керек. Су болжамды межеден екі есе көп болуы мүмкін. Су басу қаупі бар аймақтарда тұратын тұрғындар ертерек қауіпсіз жерге көшуі керек”, – деді қала әкімі.
Қалада 20 шақты эвакуациялауға арналған пункт жұмыс істейді. Мыңнан аса төсек-орын әзірленген. Адамдарды таситын автобустар дайын. Кеше қаланың шеткі аймақтарында тұратын 280 адам эвакуацияланған. Бүгін де адамдарды көшіру жұмыстары қарқынды жүреді. Себебі екі еседен көп тасқын су кешке немес түнде келеді деп болжанып отыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев