“Қарасора 2023” жедел алдын-алу шарасы шеңберінде Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Оның құрамына аймақ аумағында есірткі таратумен айналысқан 11 адам кірді.
Күдіктілерді тұрғылықты жері бойынша бір мезгілде ұстау және санкцияланған тінту жүргізу барысында полиция 58 келіден астам марихуананы тәркіледі. Мұндай ірі партияның қара нарықтағы құны 9 млн. теңгеден асады деп хабарлайды ПД баспасөз қызметінен.
Есірткі жалға алынған гаражда сақталған. Сонымен қатар өзгелерге тарату үшін шағын көлемде орама жасап отырған.
– Қылмыстық топ қатысушылары 22 жастан 54 жасқа дейін. Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде 5 күдікті уақытша ұстау изольяторына қамауға алынды. Қалғандарына қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат беру түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. ҚР ҚК 297 – бабының 3-бөлігі бойынша “Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау” бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.
Жыл басынан бері Қостанай облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері заңсыз айналымнан 269 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі.