Қостанай облысында тұмауға қарсы егу науқаны басталды

Қостанай облысында тұмауға қарсы егу науқаны басталды

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Елімізде вирустық инфекцияның қауіпті кезеңі жақындап келеді. Журналистермен брифинг өткізген мамандар қараша, желтоқсан, қаңтар айларында науқастар саны күрт көбеюі мүмкін деп отыр. Соңғы аптада осы аурумен 5 мыңға жуық адам тіркелген. Ауырғандардың басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл сырқаттанушылықтың 57 пайызы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алдағы 2023-2024 эпидемиялық маусымында А(H1N1)pdm09, А(H3N2) тұмау вирустары және В тұмау вирусы таралады. Сондықтан вакцинация бойынша ұсыныстарды орындау және аймақтағы ауру мен тұмаудың таралу қаупін азайту үшін алдын алу шараларын сақтау маңызды. Алдағы қараша, желтоқсан айларында тұмау күшеюі мүмкін.

            «Тұмауға қарсы емнің ең дұрысы уақытылы вакцинация алу. Жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы контингентке иммундау жүргізуге қаржы бөлінеді. Биыл эпидемиялық маусымда 85 мың доза сатып алынды. Алдымен медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер, арнайы ем алып жүрген балалар алады. Тұмауға қарсы иммундау міндетті түрде дәрігердің тексеріп қарап, денсаулық жағдайы бағаланғаннан және екпеге рұқсат берілгеннен кейін арнайы егу кабинетінде жүргізіледі. Облыс бойынша мақсатты топтарға иммундау 2-ші қазаннан бастап 15 қарашаға дейін жүргізіледі», — дейді Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлсім Досымова.

Иммундау үшін «Гриппол+» деп аталатын ресейлік вакцина қолданылады. Вакцина алу үшін медициналық орындардың барлығы да дайын. Алынған вакциан да жетерлік.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу