Қостанай облысында кассалық тәртіпті бұзған бизнес субъектілерінің үстінен 50 ден астам әкімшілік іс қозғалды    inbusiness.kz

Қостанай облысында кассалық тәртіпті бұзған бизнес субъектілерінің үстінен 50 ден астам әкімшілік іс қозғалды  

Бұл туралы облыстық  Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Ел аумағында ақшалай есеп айырысулар салық төлеушілердің белгілі бір санатын қоспағанда, бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдана отырып жүргізілетінін еске салады.

“Қостанай облысында жыл басынан бері бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртібін бұзғаны үшін 52 бизнес субъектісі жауапқа тартылды”, – делінген ресми мәлімдемеде.

27 әкімшілік іс БКМ қолданбағаны үшін және 25 материал БКМ чегін немесе тауар чегін бермегені үшін қозғалған. Бұдан да басқа, тауар немесе қызмет үшін төленген сомадан көп немесе аз сомаға БКМ чегін немесе тауар чегін берген салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

БКМ чегін немесе тауар чегін бермегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе арыздары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалары себеп  болады.

Осы бұзушылықты алғаш рет жасаған кәсіпкерлер ескерту  алады, ал бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін салық төлеушінің санатына байланысты 15-тен 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.

Мемлекеттік кірістер Департаменті тұрғындарды БКМ чектерін бермей өз кірістерін жасыратын салық төлеушілерге қатысты белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Тауарларды сатып алу кезінде БКМ фискалдық чектерін талап етуді, чектер берілмеген жағдайда Wipon мобильді қосымшасы арқылы бейне және фотоматериалдарды жіберуді, орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуді ұсынады.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу