Қостанайдағы № 17 жалпы білім беретін мектептің жас түлектері өмірдегі ең маңызды құжаттардың бірі – орта мектепті тәмамдау жөніндегі аттесттарын қолға алды.
Бұл мектепте 11-сыныпты 30 оқушы бітірді. Олардың ішінде жеке пәндерді оқудағы жетістіктері үшін мақтау қағаздарымен 11 оқушы марапатталды.
Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Канзада Шыңболатоваға берілді. Ол өз сөзінде түлектерге сәттілік тілеп, алға қойған мақсаттарына жетуге тілегін білдірді. Түлектердің арасынан екі оқушы Анастасия Хорина мен Максим Ким мектепті үздік бітірсе, ал Мейрамгүл Жақыпова «Алтын белгі» наградасының иегері атанды.
Төсбелгі иегері Мейрамгүл Жақыпова өз медалін әжесіне арнайтынын айтты. Алдағы уақытта ол Алматыдағы жетекші жоғары оқу орындарының біріне менеджмент саласына оқуға түсуді жоспарлап отыр.
«Менің әжем оқу үлгерімімді бірінші сыныптан бастап өзі қадағалап, білімге деген құштарлығымды оятты. «Алтын белгі» иегері атанғаныма өте қуаныштымын, бұл марапат мен үшін алдағы студенттік шаққа ынталандыру болды. Білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз, олардың үмітін ақтауға тырысамын, – дейді Мейрамгүл Жақыпова.
Білім басқармасының мәліметінше, биыл Қостанай облысы бойынша 9768 түлек 9-сыныпты бітірген, оның ішінде 585 оқушы үздік аяқтаған. Облыс аумағында 11-сыныпты 4064 түлек бітірді. Үздік аттестатты 303 түлек, тағы 120 оқушы «Алтын белгі» алды. Мектеп ұжымы оқуды үздік аяқтаған Максим Кимды мақтан тұтады.
«Осы мектептің түлегі болғаныма мақтанамын. Мектеп қабырғасында өткізген қызықты сәттер мәңгі есімде сақталады. Ұстаздардың берген сапалы білімі болашақта менің білікті маман болуыма өз септігін тигізетініне сенімдімін, – деді М. Ким.
Түлектерге аттестат тапсыру салтанаты музыкалық қойылымдармен жалғасты. Жас түлектер мұғалімдеріне деген алғыстарын әуелеген әнмен жеткізді. Бастауыш сынып оқушылары да түлектерге халық билерін билеп, ән шырқады.