Заречный кентінде орналасқан А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп бастан-аяқ жаңа құрылғылармен жабдықталды. Мемлекеттік тілдегі оқу ошағы мұндай мүмкіндікті «Қазақстан халқына» қорының арқасында иеленіп отыр.
2011 жылы ашылған мектепте 848 бала оқып жатыр. Мұнда ұзын саны 29 кабинет бар. Биылдан бастап барлығы заманауи келбетке енді. Жаңа жиһаздар мен құрылғы-жабдықтар әкелінді. Бұған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы демеуші болды. Білім ұясының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 250 млн теңге жұмсалған.Жаңа оқу жылын тың тыныспен бастаған мектептің қазіргі қалпымен танысуға облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, аудан әкімі Берік Таңжарықов және ардагер ұстаздар арнайы барды.
«Толық қайта жабдықтаудан өткен мектепті көруге келіп отырмыз. Бұл – «Қазақстан халқына» қоры қаражат құйған біздің облыстағы 12-ші мектеп. Жаңа жабдықталым, заманауи құрылғылар білім сапасының арта түсуіне, балалардың оқуға, шығармашылық машығын дамытуға зор серпін берері сөзсіз. Облыс әкімдігі де өңірдегі мектептерде жаңа STEM-зертханаларын, робот құрастыру кабинеттерін ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы игіліктердің барлығы балаларымыздың лайықты деңгейде білім алуына, бәсекеге қабілеттіліктің артуына сеп болмақ», – дейді Ринат Зәкиұлы.
Сонымен, былтыр ғана ұлт ұстазының есімін иеленген мектеп жан танымастай өзгеріске еніп отыр. Барлық оқу пәні мен бағыттарға арналған кабинеттер, мектепке дейінгі даярлық сыныптары, робот құрастыру, мультимедия, STEM-зертхана, Арт-студия, телестудия және аспаз, тігін бөлмелері және басқалары жабдықталды. Мектеп басшылығы да өздеріне таңдау түскенін естігелі бері жан-жақты әзірлік жасағандарын айтады.
«Мектебіміз жаңа болса да, тыңнан әкелінетін құрылғыларға барынша сай болсын деп, кішігірім даярлық шараларын жүргіздік. Шілде айынан бартап жарық жүйелерін жаңартып, еден төсеніштерін ауыстырып, олқылау тұстарды қалпына келтірдік. Ал қор өкілдері жабдықтау жұмыстарына тамызда кірісіп, қыркүйекке дейін аяқтап шықты. Бұл жобаның мақсаты ауыл мен қаладағы мектептердің терезесін теңестіру екенін жақсы білеміз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл біздегі білім көрсеткішінің жақсара түсуіне ықпал етеді деген сенімдеміз», – деп отыр мектеп директоры Көпжасар Қажымұқанов.
Қор құрылғы-құрал әкеліп қана қоймайды, сондай-ақ мұғалімдердің оларды оқу процесінде пайдалану жөнінде Назарбаев зияткерлік мектебінен тәжірибе алуына мүмкіндік жасалады. Ал осы «мангиттік» мектеп маңайындағы шағын жинақты оқу ошақтарына да сәулесін түсірмек, яғни сол аудандағы басқа мектептердің оқушыларына да есік ашық. Олар осында келіп, үйреніп, игілігіне пайдалана алады.
Айта кетейік, қордың демеушілігімен 2022-2023 жылдары бес тірек мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылса, биыл жеті оқу ошағы заман талабына сай жабдықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ