13 июня, 2025
Қостанай ауданында сенбілікпен біріктірілген велотур өтті

Қостанай ауданында сенбілікпен біріктірілген велотур өтті

Қостанай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Бабалар жолымен» велошеруі ұйымдастырылды. Жүзден астам адам велотурға шығып қана қоймай, сакралды орынға тағзым ете барып, сол аумақта сенбілік өткізді.  

Велошеру маршруты – Тобыл қаласындағы «Аят» кафесі мен Мичурин ауылындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесі аралығы. Ұлы ағартушының аруағына тағзым етіп, кесене төңірегін тазалау іс-шарасына Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, бөлім басшылары, зейнеткерлер, оқушылар мен студенттер,  велосипед тебуге әуесі бар қарапайым тұрғындар қатысты.

            «Мұны ұйымдастырудағы мақсат – патриотизмді, бұқаралық спортты насихаттау, Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде сенбілік өткізу. Науқан аясында кесене аумағын жинап-тазалап, баба рухына деген құрметімізді көрсетпекпіз. Осы сипаттағы экологиялық акцияларға аудан тұрғындарын белсенді қатысуға, өздері тұратын елді мекендердің тазалығына үлес қосуға  шақырамын», – деді аудан әкімі.

Айта кету керек, «Бабалар жолымен» велошеруін «Жанашыр бол» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Себебі Қостанай ауданы әкімінің Ішкі саяст бөлімі тапсырысымен аталмыш қор туған өлке мен киелі жерлер тарихын зерттеп-зерделеуге арналған «Қайнар көзге бастар жол» атты жобаны бастаған. Велошеру – сол жобаның аясындағы іс-шаралардың бір парасы.

            «Бізді қуантқаны – рухани әрі спорттық іс-шараны қолдаушылар көп болды. Қостанай ауданындағы жалғыз сакралды орын – Ыбырай кесенесі. Ал оған деген жас ұрпақтың қадір-құрметін арттыру – біз үшін маңызды мақсат. Оның сыртында, жастар бойында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, көздеген жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асты деп айта аламыз. Мұндай ізгі іс-шараларды аз ұйымдастырмадық, әлі де жалғасын таба бермек», – дейді «Жанашыр бол» ҚҚ төрағасы Сабина Распекова.

Мән-мазмұны бөлек акцияға әуесқой велошерушілер ауданның әр ауылынан жиналған. Мәселен, Жамбыл ауылдық округінен келген Данияр Әлімбаев шақыртуды ойланбастан қабыл алғанын айтады. Өзі де спорттан қаражаяу азамат емес.

            «Мен Жамбыл ауылдық округінің спорттық нұсқаушысы болып қызмет етемін. Ал велосипед тебу бала күнімізден ұнататын спорт түрінің бірі. Сондықтан көппен бірге осы шеруге қатысып, бабымды бір сынға салып көруге шешім қабылдадым. Оның үстіне, қатысушылар Ыбырай атамыздың кесенесі маңын тазалайды екен. Бұл да сауабы мол іс. Экологиялық акцияны ерекше тартымды етіп ұйымдастырып отырғандарға рахмет айтамыз», – дейді ол.

Сонымен, әуесқой велошабандоздар сағат 10.00-де шеруді бастап, алдын ала белгіленген маршрут бойынша жолға түсті. Одан бұрын барлығына қауіпсіздік техникасы түсіндірілді, яғни қатысушыларға арақашықтықты сақтау, бір-бірін басып озуға тырыспау, жолдың қарсы жолағына өтпеу, бір колоннамен жүріп отыру міндеттелген. Қатысушылардың қауіпсіздігін қадағалау үшін жол полициясы қызметкерлері және жедел жәрдем көлігі де ере жүрді. Шеру жоспардағыша өтті деуге болады. Шамамен, сүт пісірім уақытта алғашқы легі мәреге жетіп үлгерді.

            «Біріншіден, көптен бері велосипед тізгініне отырып, бір сергіп қалдық. Жобамен, он шақырымдай қашықтықты артта қалдырдық. Екіншіден, ұлы тұлға Ыбырай атамыздың басына тағзым ете келдік. Арамызда бұл қастерлі нысанды алғаш рет көріп отырғандар да бар. Үшіншіден, бірлікті іске бір кісідей жұмылып, сенбілік жасағалы тұрмыз. Пайдалы да жағымды іс-шара деп есептеймін. Сондай-ақ осы іс-шарадан кейін өзім жеке велосипед сатып аламын деген шешімге келіп отырмын», – дейді «Neco» экологиялық қоры» ҚҚ төрағасы, «Жанашыр бол» ҚҚ үйлестірушісі Наурызбек Бермағамбетов.

Кесене басына жетіп, аяқ суытқан велошерушілерге іс-шара ұйымдастырушылары қапшықтар мен қолғаптар, тазалық құрал-саймандарын үлестіріп берді. Негізі, кесене орналасқан аумақ таза, тек қоршау сырты, Тобыл өзені жақ бетінде «жұмыс» аз емес екен. Шамамен, бір сағат уақыт ішінде жүз қаптан артық қоқыс-қалдық жиналып, оның бәрі арнаулы техникаға тиеліп, полигонға жөнелтілді.

Сенбілік аяқталған соң барлық қатысушы кесене ішіне кіріп, дұғаға қол жайып, баба аруағына зиярат етті. Кейін акцияшылар кіреберісте «қаңтарылып» тұрған велосипедттеріне қонып, тәртіппен сап түзесіп, келген іздерімен кері қайтты.

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК