Ол Тобыл қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарында салынатын көп қабатты үйлерді көгілдір отынмен қамсыздандырмақ. Жаңа нысанның жай-күйімен облыс әкімі арнайы барып танысты. Өңірді газдандыру мәселелерін қозғап, алдағы жоспарларды пысықтады.
Алдағы жылдары аталған шағын аудандарда көп қабатты 150 тұрғын үй бой көтереді. Оларда 60 мыңнан астам адам тұратын болады. Жоспары сызылып, жобасы мақұлданып отырған баспаналар мен әлеуметтік нысандарды газдандыру мәселесі түбегейлі шешімін тауып отыр. Құрылысы 2021 жылы басталып, үш жыл уақыт жұмсалған станцияға 3,330 млн теңге құйылды. Бас мердігері – Орал қаласының «Алия-Сервис» ЖШС компаниясы. Станция қуаттылығы – сағатына 150 мың текше метр. Қазір газ нысанға толық көлемде келіп тұр. Енді тек ғимараттардың салынғанын күту ғана қалды.
«Биыл 24 үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ біртіндеп жаңа мектептер, балабақшалар, перзентхана және басқа да нысандар салынады. Жаңа газ тарату станциясы шағын аудандардың «бойына қан жүгіртуге» толық мүмкіндік береді. Мұның сыртында, алдағы уақытта қосымша газ ауқымына қол жеткізіп жатсақ, Қостанай, Алтынсарин аудандарының басқа да елді мекендерін көгілдір отынмен қамти алмақпыз. Жалпы, бұл нысанның біз үшін маңызы аса зор», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Станция соңғы стандарттарға сай. Толығымен автоматтандырылған. Барлық процесс адамның көмегінсіз жүзеге асады. Айталық, алда-жалда апатты жағдай бола қалса, құбырлардың ысырмасы өздігінен жабылып-ашылады. Қазіргі уақытта желілерді қысыммен сынақтан өткізу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Станция жұмысының мінсіздігіне көз жеткізу үшін қысыммен тексеру үстіндеміз. Әуелде, іске қосу кезінде аздаған олқылықтар болған, оның барлығы ретке келтірілді. Қазір барлық құрылғы мен қондырғы сағатша істеп тұр. Әзірге газды елді мекенге тарататын желілер жабық тұр. Шағын аудандарда алғашқы ғимараттар пайда болған кезде ашыла бастамақ», – деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов.
Облыс әкімі жаңа станцияның Қостанай қаласын қамту-қамтымауына байланысты сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, бұл нысанға бөлінген газ көлемі облыс орталығына желі тартуға жеткіліксіз. Бұл да көптен сөз болып жүрген жанды мәселелердің бірі-тін. Осыдан үш жыл бұрын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жаңа баспаналарға газ тарту үшін техникалық шарт жасауға мораторий енгізген еді. Содан бері бұл тыйым тұрғындардың да, кәсіпкерлердің де арыз-шағымды көбейтуіне себеп болған. Өңір басшысы мәселенің таяу келешекте шешілуі мүмкін екенін айтты.
«Иә, біздің өңірге 150 мың текше газ 2021 жылға дейін бөлініп қойған. Бірақ, өкінішке қарай, осыдан 60 жылдай бұрын салынған құбырлардың әбден тозығы жетті. Газды толық көлемде тарту үшін, жүйенің сенімділігіне көз жеткізу үшін үлкен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Екі жыл бұрын басталып та кетті. Оның үстіне, Президент тапсырмасы бойынша, біз Ақтөбеден Қостанайға газ тартуға арналған жаңа желі саламыз. Бұл барлық мұқтаждықтың орнын толтырар еді. Әрине, әзірге мораторий күшін жойған жоқ. Бірақ келешектен үміттіміз», – деді Қ.Ақсақалов.
Қазір аталған жобаның жобалық-құндық құжаты әзірленіп жатыр. Газ құбыры құрылысына қажетті қаражат та ізделу үстінде. Құмар Іргебайұлының айтуынша, облысқа ауқымды көлемде газ тартылса, жаңа кәсіпорындар қатарын көбейтуге зор мүмкіндік туар еді. Көгілдір отын игілігін көретін елді мекендер санының да арта түсері сөзсіз. Өйткені, соңғы мәліметке сүйенсек, облыс халқының 20 пайызы ғана газбен қамтылған.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ