Біржолғы әлеуметтік төлем алуға барлығы 1800-ден астам қостанайлық өтініш берген. Қостанай ауданының 10 тұрғынын қосқанда, оларға 67,1 млн теңге өтемақы төленген.
Су тасқынынан барлығы 174 тұрғын үй зардап шеккен. Сараптамаға сүйенсек, 167 үйге техникалық тесеру жүргізу аяқталған. Апаттық жағдайда деп 78 үй танылса, 20 үйге апат алдында деп баға берілген. Сондай-ақ, 69 үй тұруға жарамды.
“Әлеуметтік төлем алуға арыз жазған 113 қала тұрғынының өтініші түрлі себептермен кері қайтарылды. Мысалы, бірнеше саяжайға иелік етсе, әлеуметтік төлем тек біреуіне ғана төленеді. Ал материалдық шығынды өтеуге барлығы 887 өтініш келіп түсті. Заңнамаға сай үйлері апатты деп танылған адамдарға екі таңдау беріледі. Оның бірі өзі іздеп тапқан үйді сатып алуына болады немесе Қонайда салынып жатқан бір типтік жер үйлерден беріледі. Ол шағын аудандағы үйлердің қүрылысы шілде айында аяқталады”, – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.
Айта кету керек, Қостанай-2 ауданындағы зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленбейді. Өйткені, олардың үйлері Тобыл өзенінен шалғайда орналасқан.
“Тұрғындарға келтірілген залалды өтеу “табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларын бекіту туралы “Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 Қаулысына сәйкес жүргізіледі. “Қостанай-2″ ауданында орналасқан үйлер ТЖ жарияланған аймаққа енбейді. Өйткені, өзен арнасынан қашықта орналасқан. Тиісінше, бұл аудан тұрғындарына келтірілген залалдың өтемақысы және біржолғы төлем берілмейді”, – деді қала әкімінің орынбасары өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Тобыл өзенінің арнасынан асқаны қаланың инфрақұрылымына да едәуір зиянын тигізбей қоймады. Тұрғын үй, кәсіпкерлер, бау-бақша қауымдастығынан бөлек, техникалық коммуникациялар мен көлік жолдары, көпір мен халыққа қажетті нысандар бүлінді.
“Қазіргі уақытта қаланың инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қаланың үш көпірі де жұмыс істеп тұр. “Дорожник” бау-бақша қоғамы, “Мичурин” және “Садавод” бау-бақшасын қоқыстан тазарту жұмыстары тәмамдалды. ҚР ІІМ Академиясының 300 курсантының көмегімен 11 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды”, – деді Алмат Исмағұлов.
Қала әкімінің орынбасары су тасқынынын салдарын жою жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Сералы МЫРЗАБАЙ