Қос жүлдегер Қостанайға оралды

Қос жүлдегер Қостанайға оралды

Қостанайлықтар Азиада жүлдегерлерін күтіп алды. Мансұр Хабибулла мен Серік Алдияр Қытайда өткен жарыста джиу-джитсудан қола жүлдегер атанған.

Қытайдың Ханчжоу қаласында болған жазғы 19-шы Азия ойындарында ел намысын бес жүзден астам спортшы қорғады. Олардың қатарында Қостанайдан шыққан он бір спорт шебері де бар. Аспанасты еліндегі жарысқа қостанайлықтар да ерекше дайындықпен барған. Ол жайында жаттықтырушы Мұрат Бермұхамбетов баяндап берді.

– 19-шы Азиада ойындарына бармас бұрын үш рет оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Спортшылар екі-үш ай үйін көрмеді. Негізі Азиада былтыр өтуі керек еді. Алайда, пандемияға байланысты осы жылға қойған. Біздің спортшылар бар күшін салды. Қоладан да жоғары медаль алуға болатын еді. Дегенмен төрешілердің жіберген қателіктері және бәсекелестік те жоғары болды. Осы жарысқа қырықтан астам мемлекет қатысты. Бізбен иық тіресе бәсекеге түскен БАӘ. Олар команда бойынша бірінші орынды еншіледі, – дейді Мұрат Бермұхамбетов.

Екі аптаға жалғасқан спорттық іс-шара да елімізден 524 спортшы өнер көрсеткен. Нәтижесінде 10 алтын, 22 күміс, 48 қола қоржынға түсті. Сақадай сайланған спортшылардың арқасында 11 орынға тұрақтадық. Алайда, бұл біздің ел тарихындағы үздік көрсеткіш емес. Қазақстан бұған дейінгі Азия ойындарында үздік бестіктен көрініп жүретін, тек 2018 жылы тоғызыншы орын алған. Десе де отандастарымыз жалпы медаль саны жөнінен жақсы нәтиже көрсетті деуге болады. Елде спорттың қарқынды дамып жатқаны туралы Азия ойындарының жүлдегері Серік Алдияр да айтып отыр. Ол халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғауды бала кезінен мақсат етіпті.

– Ханчжоу қаласындағы Азиада ойындары осыған дейін өткізілген додаларға қарағанда өте мықты деңгейде өтті. Барлығы өзгеше, жаңа форматта, жаңашылдыққа негізделген. Біріншіден, ел намысын қорғап, ерекше ойынға барғанымды мақтаныш етемін. Бұл – менің бала жастан арманым. Өзім он жылдан бері спортпен айналысып келемін. Дайындық жоғары деңгейде болды. Бірінші кезекте бапкеріміз Мұрат ағама және отбасыма өте үлкен рахмет айтқым келеді. Олар мені қолдап, әрқашан мотивация беріп отырды. Спортта кейбір әдістерді дұрыс орындамағанда жарақат алып қалуың мүмкін. Сондай кезде жан-жақты қолдаудың пайдасы орасан. Мен Азия ойындарында 69 кг салмақ дәрижесінде күрестім. Бес қарсыласпен шықтым. Арабия, Филиппин, Корея елдерінің шеберлерімен сынға түстік. Төрт қарсыласты ұтып, біреуінен ғана жеңілдім. Олардың да дайындықтары жоғары әрі өз елінің мықты спортшылары екенін қимыл-қозғалыстарынан байқалды. Ендігі басты жоспарым – үш жылдан кейін болатын Азиадаға тыңғылықты дайындалып, ел қоржынына алтын медаль түсіру. Солайша көк туымызды биік желбіретіп, ән ұранымызды шырқағым келеді, – дейді 19 жасар спортшымыз Алдияр.

Сонымен қатар 62 кг салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанған Мансұр Хабибулла да біраз жылдан бері спортпен айналысып жүр. Қостанайлықтардың шынайы құрметпен күтіп алғанына ол да алғысын білдірді.

Келесі Азия ойындары 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтеді деп жоспарланған.

 

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу