Қос ауданның әкімі сөгіс арқалады

Қос ауданның әкімі сөгіс арқалады

Облыс көлемінде қазан айынан бастап жылу берілсе де меңдіқаралықтар айдың ортасына дейін қара күзде жылусыз отырды.

Оған басты себеп – бір мезетте екі жылу қазандығының істен шығуы. Мәселеге облыс әкімі араласып, шешемін тапты.

Облыс әкімдігінде өткен аппарат отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған екі ауданның әкіміне сөгіс жариялады.

«Меңдіқарада 247 абонентті қамтамасыз ететін №1 орталық қазандық 8-қазанда іске қосылған. Бірақ келесі күні бір мезгілде жұмыс істеп тұрған 3 қазандықтың 2-уі істен шыққан. Аудан әкімдігі бұл жағдайды бірден хабарламастан, өздері жөндейміз деп мәселені одан сайын ушықтыра түскен. Сіздің араласуыңыздан кейін ғана қажетті қазандықтар табылып, сол күні ауыстырылды. Техникалық тексерістен соң №1 орталық қазандықтың ғимараты 80% тозғандығы анықталды. Бірақ соңғы жылдарда 3 қазандықтың жабдығы жаңартылған. Оған 45 млн бөлінген», – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 11 сәуірдегі техникалық есепке сай 2,8 шақырымдық жылу магистралінің тозуы 80 пайыздан астамды құраған.

2023-2024 жылдар аралығында ұзындығы 0,8 шақырым болатын жылу трассасын жөндеуге 8,7 миллион теңге бөлініп, игерілген, бұл жылу трассасының тозуын 63 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

“Меңдіқара ауданын қолға алмаса болмайтын болды. Араласып, тексердік. Қарапайым дүниелердің өзі істелмеген. Ал Б.Майлин ауданына қаражат уақытылы аударылған. Олар екі апта бойы қаражатты төлей алмаған. Менің араласуыммен ғана көгілдір отын мен электр энергиясының мәселесі шешілді. Әйтпесе жылыту маусымы енді басталғанда олар да жылусыз қалар еді”, – деді аймақ басшысы.

Өз қызметіне салғырттықпен қарағаны үшін Меңдіқара және Б.Майлин ауданының әкімдеріне сөгіс жарияланып, Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды.

  Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

 

Жаңалықтармен бөлісу