Қостанай облысы қолөнершілерінің «Qolóner» қоғамдық қоры қазақ халқының дәстүрлі қолданбалы өнер шығармашылығын дәріптеу жобасын қолға алды. Жоба аясында «Атамекен» кәсіпкер палатасымен бірлесіп, талабы бар жандар шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алып отыр.
Бұған дейін жоба аясында қолөнердің түрлері бойынша бұйымдардың көрмелері ұйымдастырылып, қала тұрғындары қатысқан бірінші топ шеберлік сабақтарына қатысып, оқу курстарынан өткен болатын.
Бүгінде Қостанайдағы тарихи-өлкетану мұражайында екінші топ дәріс алуда. Сәуле Қабидулова бұл ұжымның игі бастамасына сұраныстың артып келе жатқанын айтып отыр.
«Қостанайда қолөнердің шығыс керамикасы, киіз басу, құрақ құрау, ұлттық жиһаз жасау, зергерлік өнер, музыкалық аспаптар жасау, былғарыдан бұйым жасау, кілем тоқу, кесте тігу сияқты түрлерімен айналысатын шеберлер жетерлік. Біздің мақсат ата-бабаларымыздан қалған қолөнер дәстүрлерін жалғастыру, тоқу өнерін үйрету. Бүгінде екінші рет отыз адамды қабылдадық. Екі топқа бөліп оқытып келеміз. Олардың дені кезінде осы кәсіпті игергендер. Бірінші күні теория жағынан ақпарат берілді. Алдағы екі аптада қатысушылар шеберлік сабақтарға қатысады», – дейді ол.
Шеберлік сабақтарына қатысушылардың бірі – Мырзагүл Сүлейменова. Ол жас кезінен текемет басып, сырмақ тоқумен айналысқан.
«Маған бұл өнер әуелден жаныма жақын болғандықтан құжаттарымды орталыққа ойланбастан тапсырдым. Кәсіпті заманауи нақышта игеруге қажет болар дедім. Қателеспеген екенмін. Әртүрлі ою-өрнекті жабындыларға қазіргі технологиямен әспеттеуді үйреніп жатырмын. Бұдан да басқа кәде-сыйларды дайындауға машықтанып шығатын боламыз», – дейді Мырзагүл Сүлейменова.
Бірнеше апта бұрын қор төрайымы қазақы бұйымдарды саудаға шығаратын кәсіпкерлермен келісімге келген.
«Бұл бір жағынан, біздегі адамдардың қолөнерге ынтасын арттырса, бір жағы тапсырыс қабылдаушылардың шаруасын жеңілдетеді. Болашақта сауда нүктелері тауарды сырттан іздемей, біздің өнімдерді халыққа тұтынуға сеп болады»,– дейді қор төрайымы.
Екі апта бойы тәжірибе жинақтаған қатысушыларға арнайы сертификат беріледі.