Жақында Қостанайда қаршадай қыз тамырын кеспек болып, құдай сақтағанда аман қалған еді. Содан бері осы даудың беті әлі толастаған жоқ. Төңіректе түрлі алып-қашпа пікірлер айтылды.
Суицид тығырықтан шығатын жол емес!
Психолог маман Ангелина Анатоливна бұл суицидке бағытталған қауіпті іс екенін айтып отыр. Жалпы себептері үнемі күйзелісте болып, тұйықталу, ортамен байланыспау салдарынан болатыны түсінікті.
«Айта берсек себептері көп. Ата-анамен түсініспеушілік, буллинг, алкоголдік, зорлық-зомбылық, құқық бұзушылыққа қатысты қорқыныш, жанжал, табиғи апат және оқшаулану сезімі де суицидтік мінез-құлықпен тығыз байланысты. Бұларды жеңу жолдары да жетіп артылады», –дейді маман.
Әрине, адамды тыңдай білу, сөйлесу жақсы дәстүр. қолдау көрсететін жақын досы немесе құрбысымен сырласып, ата-ана түсіне алған жағдайда немесе арнайы мамандардың көмегіне жүгіну бұл әрекеттерге жол бермейті бірден-бір қадам екені сөзсіз.
«Марал ишан» мешітінің имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қазіргі таңда жастардың өздеріне қол жұмсап, қоғамды дүр сілкіндіру шаралары белең ала бастағанын жасырмайды.
«Мұндай жайсыз хабарлар еліміздің барлық аймақтарында көрініс беруде. Өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә», – дейді дін өкілі, – Неге? Себебі: Құран мен хадис бойынша, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары. Мейлі ол әйел болсын, ер болсын, кәрі-жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті».
Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Құранда: «Біз адам баласын ардақтадық…», «…оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық етіп жараттық», – делінген (Исра сүресі, 70-аят).Сонымен қатар, кісінің өзін-өзі өлтіруі – Алланың кешірім, мейірімінен, рахымынан қол үздіреді. Құранның «Ниса» сүресінде : «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозаққа өртейміз.Олай ету Алла үшін оңай», – делінген.
Статистиканы сөйлетсек
Қазақстан Республикасында соңғы жылдары кешенді шараларды енгізудің арқасында жасөспірімдер арасында суицидтік әрекеттер санының айтарлықтай төмендеуі байқалатыны қуантады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша Қазақстанда суицид статистикасы төмендеді. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық өз еркімен өмірімен қоштасты — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз. Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орында тұр. Міне, бізге жеткен статитистикалық ақпарат осыны айғақтап тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған деректерге сүйенсек, 2023 жылы әлемде 703 мыңнан астам суицид оқиғасы тіркелді. Бұл әлемде күн сайын шамамен 1 924 суицид жасалатынын білдіреді. Суицид саны ең көп елдер:Үндістан – 319,8 мың, Қытай –131,8 мың, АҚШ – 48,3 мың, Ресей – 28,2 мың, Жапония –20,3 мың, Бразилия –14,1 мың, Франция – 10,9 мың, Корея –10,8 мың, Ұлыбритания – 6,8 мың, Италия – 6,3 мың. Осылай кете береді…
Себептері депрессия (күйзеліс), мазасыздықтың бұзылуы(расстройства тревожности), жаман әдеттер, зорлық-зомбылық пен реніш, қарым – қатынас мәселелері, қаржылық мәселелер, жұмыстағы проблемалар, діни және мәдени нанымдар екенін жоғарыда айттық. Бүкіл әлемде жасөспірімдердегі суицидтік мінез-құлық мәселесі өзекті болып қала береді.
Суицид деген не, онымен қалай күресеміз?
Суицидті ғалымдар – саналы, қасақана өмірден айырылу деп түсіндіреді. Ол әдетте өз бетінше және ерікті түрде жүзеге асырылады. Себептері, соматикалық және психикалық аурулар, өткір және созылмалы травматикалық жағдайлар, өзін-өзі кінәлау, ар-намысты сақтау, сотталудан қорқу және тағы басқа жағдайлар. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған науқастарды психиатр дәрігер тексереді. Психикалық бұзылулар анықталған кезде және суицид қаупі сақталған жағдайда психиатриялық бөлімге мәжбүрлі түрде ауруханаға жатқызылады. Науқас толықтай бақылауға алынады, өзіне және айналасындағыларға зиян келтіруге жол берілмейді. Емдеу тактикасы суицид әрекетін тудырған негізгі аурудың сипаты мен ерекшеліктеріне байланысты жеке анықталады.
Жеке тұлғаның шешілмеген мәселелері, ашуланшақтық немесе депрессия(күйзеліс), эмоционалды жақындықтың болмауы, ата-аналар мен тәрбиешілердің сенімсіздігі мен қолдамауы, зорлық-зомбылыққа немесе суицидке әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар ҚР Қылмыстық Кодексi105-бап бойынша. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Суицид жағдаларын алдын алу барысында мектептерде, колледж және университетте арнайы іс-шаралар, жиналыстар ұйымдастырып тұрған жөн. Кәсіби психологтар және арнайы мамандар білім алушылармен ашық сөйлессе құба құп.
Қорыта алғанда, жастардың басым көпшілігінің негізгі проблемалары ата-аналармен түсініспеушілік, буллинг,психологиялық қиындықтар және т.б. кейбір жасөспірімдер өздерінің қиындықтарын жақындарымен бөлісе алмайды және бар мәселелерді өздері шешуге тырысады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін елімізде жастармен тікелей жұмыс істейтін 136 денсаулық орталықтары жұмыс істейді.
Суицид мәселенің шешімі емес! Әрқашан шығатын жол бар! Қамқорлық пен қолдау адамның өмірін өзгерте алады, бұл оның жалғыз емес екенін және оның өмірі құнды екенін көрсетеді. Уақыт өтуімен кез келген қиыншылық ұмытылады.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ