Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі Агенттігінің құрылғанына төрт жыл. Осыған орай Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Қаржы сауаттылығын арттыру және халық арасында қаржы мониторингі органдарының оң имиджін қалыптастыру» тақырыбында форум өткізді. Қорытынды іс-шара Жастар сарайы ғимаратында болды.
Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ, ҚР заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
«Форумның көздегені халық арасында қаржы мониторингі органдарының оң имиджін қалыптастыру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастар арасында құқықтық ақпараттық цифрлық мәдениетті ілгерілету, қаржы пирамидалары мен құмар ойындарының алдын алу, дропперлерге қарсы іс-қимыл және кибергигиенаны сақтау, синтетикалық есірткілер мен вейптерге қарсы іс-қимылды күшейту. Форум екі күнге жалғасты», – дейді Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының жедел уәкілі Әсемгүл Балжақаева.
Департамент бұл форуды алғаш рет ұйымдастырып отыр. Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Асқар Әбенов форумға атсалысқандарға алғысын жеткізді.
«Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» өкілдеріне, облыстың жетекші оқу орындары мен қоғам белсенділеріне, спортшыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс айтамын. Жас ұрпақтың еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүдделі екеніне қуаныштымыз. Форум нәтижелі өтті. Облыстың танымал спортшылары, блогерлер және медиа-тұлғалардың басын біріктірдік. Осындай бұқаралық іс-шаралардың жыл сайын өткізілгенін қалаймыз. Себебі, халыққа экономикалық қауіпсіздік, қаржылық сауаттылық жайлы насихаттау өте маңызды», – деді Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Асқар Әбенов.
Шынымен де маңызы мол іс-шара. Өйткені, кез-келген адам экономикалық салада көптеген түсінбеушіліктерге тап болуы мүмкін. Оның үстіне бүгінде алаяқтық өршіп тұр. Қаржы пирамидаларының құрбаны болып жатқандар да аз емес. Сол себепті, біреудің жемтігіне айналмас үшін, өзіңнің құқығынды біліп, сауатты болуы шарт.
Форум аясында семинар-тренинг өтті. Ол жерде дәріскер қаржы пирамидаларына және басқа да алаяқтық ұйымдарға қарсы тұру жөнінде кеңінен айтып берді. Ал екінші дәріскер «Айналыммен қамтамасыз етілген цифрлық активтердің заңсыз болуы. Тау-кен. Криптавалюта» тақырыбында баяндама оқыды. Осылайша жастар қаржылық пирамидалар мен құмар ойындардың алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру, синтетикалық есірткілер мен ваптарға қарсы тұру турасында кеңінен мағлұмат алып шықты. Одан кейін облыстың жетекші оқу орын студенттерінің басын қосқан зияткерлік сайыс болды.
«Интелектуалды ойын бес кезеңнен тұрды. Әрқайсысының өз тақыры болды. Қаржылық сауаттылық, қаржы пирамидалары, алаяқтық тақырыптары қозғалды. Бұл біздің заманымызда өте маңызды. Пайдалы ақпарат алдық. Өйткені алаяқтық өршіп тұр. Бізді сондай қауп-қатерден қалай сақтау керектігі жөнінде құлақтандырды. Бұған дейін осындай алаяқтардың құрбаны болған адамдар туралы мақала оқыған едім. Шамалы хабарым бар», – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ студенті Әлішер Шаруан.
Жастар сарайында өткен жиында интелектуалды ойын жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Сайысқа алты команда алты мүшеден қатысқан. Оларға кубок пен бағалы сыйлықтар берілді. Жиын конерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Балауса ЖҮНІС