Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден озды altynqor.com

Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден озды

Бұл туралы қаламгердің баласы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», – деп жазды Едіге Мұхтарұлы.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы  қазіргі Абай облысы Шұбартау ауданында туған.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастады. “Қазақ әдебиеті” газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары “Жазушы” баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.

1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары “Жазушы” баспасының бас редакторы болды.

1987 жылы еркін шығармашылық қызметте жүрсе, 1988 – 2006 жылдары “Жұлдыз” журналының бас редакторы қызметін атқарған.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, әдебиет зерттеушісі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

“Аласапыран” тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. (1984). Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық “Түркі дүниесіне қызмет” сыйлығының сахибы.

“Кешқұрым” атты тұңғыш әңгімесі 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланды.

“Қобыз сарыны” атты ғылыми монографиясы жарық көрген (1968). Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды.

“Көкмұнар” (роман, 1972), “Бір атаның балалары”, “Көк мұнар” (повестер мен әңгімелер), “Аласапыран” (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), “Ғасырлар бедері” (әдеби зерттеулер), “Өмір жыры” (әңгімелер, хикаят, роман), “Шақан Шері” (роман), “Мен” (ғұмырбаяндық роман-хамса), “Құмырсқа-қырғын” (әңгімелер), “Ұлтсыздану ұраны” (мақалалар) және тағы басқа кітаптары жарық көрген.

2002 жылы Алматыдағы «Қағанат» баспасында он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты.

2020 жылы Мэрилендтегі «Magauin Publishing» баспасында жиырма бес томдық толық шығармалар жинағы басылып шықты.

Ал, 2024 жылы Қазақстанда жиырма алты томдық толық шығармалар жинағы басылып шықты. (“Қасым” баспа үйі)

Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған.

Жаңалықтармен бөлісу