Еліміздің басты нышандарының бірі мемлекеттік тіл. Өзінің болашағын ойлайтын мемлекеттің қоғамдағы тілдің рөліне, мәртебесі мен қолдануы аясына, дамыту мәселелеріне баса мән беріліп келеді.
Тілдің мемлекеттік мәртебесі халқының іс жүзінде толыққанды ие болуына байланысты. Осы орайда басқа ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді үйренуге құлшылық танытушылардың көбеюі қуантып отыр. Ұзынкөл ауданы Тілдерді оқыту орталығында қазақ тілін үйренушілердің 50 пайыздан астамы басқа ұлт өкілдері. Сонымен қатар ауданымызда соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай бар болғаны, басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілінің біреуін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. Соның бірі Тілдерді оқыту орталығынын тыңдаушысы Яковенко Вера Александровна туралы болмақ.
Қазақ тілін өз туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілінің бірі – Вера деген бойжеткен қызымызды айтуға болады. «Қазақ тілі менің бойыма қасымдағы бірге ойнаған қазақ балалардан сіңді»,– дейді ол. Вера Яковенко 2001 жылы 20 желтоксанда Балқаш қаласында туған. бес жасында ата- анасымен Нұрмағамбет деген ауылға көшіп барған. Бірыңғай қазақ отбасыларының арасында тұрған екен. Сонымен қатар, Вераның ата-анасы да қазақтардың арасында мал бағып тату-тәтті тұрған екен.
– Вера қазақша өте таза сөйлейсіз, қазақ тілін қалай меңгердіңіз?
– Ауылда өстім. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Қазақ мектебіне бардым. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мектеп бітірген соң Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжіне мал дәрігері мамандығына оқуға түстім.
– Ол оқу орнын не себептен таңдадыңыз?
– Менің әкем ауылда аттың үстінде мал баққан адам. Мені де жылқыға үйреткен еді. Содан бері аттың үстіне мініп, әкеме көмектесемін, жылқыны жақсы көруіме сол себеп болды. Осылайша, осы мамандықты таңдадым.
– Оқуды бітіргенен Ұзынкөлге қалай келдіңіз?
– Әңгіменің басында айттым гой, жылқыны жақсы көремін. Оқуды бітірер кезімде «Қазақ жылқылары» атты телефонда топ болды. Сол топқа мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүргенімді жазған болатынмын. Содан ол топта маған Ұзынкөл аудандық ветеринария мекемесінің басшысы Д. Каримов хабарласты. Міне, содан бері Сатай ауылдық округінде мал дәрігері болып қызмет істеп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды.
–Ауданымыздың Тілдерді оқыту орталығында оқып жүрмін дейсіз, сізді не қызықтырады?
– Бұл орталықтың бар екенін аудандық «Нұрлы жол» газетіне шыққан хабарландыру арқылы таныстым. Өйткені бұл ауданда қазақша сөйлейтін адамдар аз екен. Қазақ балалаларының орысша сөйлеп, түсіндіріп жатканда мен оларға қазақша айтшы, маған орысшадан қазақша айтқан дұрыс деп айтамын,– деп жымиып кояды бүгінгі кейіпкеріміз. Осы орталыққа келіп қазақша білгенімді ұмытпауға сабақ алып отырамын. Қазақша өткізетін сайыстарына қатысып,тілге деген қызығушылығымды оятамын.
Жалпы, Абайдың табиғат лирикасына арнап жазылған «Қыс» өлеңін, М. Мақатаевтің өлеңдерін сүйіп оқимын.
Міне, бүгінгі кейіпкеріміздің әңгімесі. Қорыта айтқанда «Тілден асқан байлық жоқ», мал-мүлік, алтын- күміс байлығы түпкілікті емес, күндердің күнінде тозады, сарқылады.
Ендеше, халықпен бірге жасайтын өз ана тіліміз екенін ұмытпайық!
Сұлтанбек Қожанов
Ұзынкөл ауданы