Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім:  «Шертерді» сақтап қалу керек еді… 

Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім: «Шертерді» сақтап қалу керек еді… 

Биыл «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрылғанына – 50 жыл. Ұлт өнерін асқақтатып, ел ме­рейін өсірген айтулы өнер ұжымы 1974 жылы бұрынғы Торғай облысы филармониясы жанынан ашылған болатын. Олар елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге дейін танылып та үлгерді.

Осынай ансамбльдің құрылуына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков тікелей қолдау көрсетті. Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев кезінде «Шертердің» өнеріне тәнті болып, оны «Қазақстандағы фолькорлық-этнографиялық ан­самбльдердің әкесі» деп баға­лапты. Бірегей өнер ұжымына бұдан артық баға да болмас.

 Қарт Торғай өңірінде «Шер­тер» десе елең етпейтін жан жоқ. Әсіресе жасы келген үлкен кісілер бірегей ұжым, онда өнер көрсеткен әншілер туралы там­санып айтады. Алғашқы құ­рылғаннан ансамбль сырнай, қамыс сырнай, шаңқо­быз, асатаяқ, тұяқтас, қобыз секілді халқымыздың көне музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртуды мұрат тұтты. Әрине, ансамбль атауына ие болған көне шекті музы­калық «Шертер» аспабы басты аспап саналды.

Негізінен, «Шертер» фольк­­лорлық-этнографиялық ан­сам­блінің іргетасын 1971 жы­лы «Торғай әуендері» атты эстра­да­­лық ансамблін құрған өнерлі жас­тар қалаған екен. Алғашқыда оның негізгі құрамына – Қайыржан Мақанов, Қыпшақ Қойғарин, Қазымгүл Бозанова, Айжан Настаева секілді дарынды өнер иелері алынды. Одан кейін өнер ұжымы Жақсылық Қазықанов, Сапарғали Қодаров, Тойған Ізім, Шотпай Жолдасбеков, Сайлау Ордабаев, Отаркүл Мұқатова, Әбжан Сәрсенбаев, Кеңес Бір­ма­ғамбетова, Ғалымжан Құр­манов, Дариға Құрманова, Мол­даш Файзуллин, Тұрсынбек Әлма­ғамбетов, Жақсыгүл Бөлтірікова, Мейрамғали Жұмабаев, Жа­рыл­қасын Әбілтаев және т.б. талантты жастармен толығып, ансамбльдің арнасы кеңейіп, репертуары ұлттық нақышқа бай ән-күй, би, терме және монолог, көркем сөз оқу секілді түрлі жанрлармен жандана түсті. Бастапқы кезде өнер ұжымы облыстың Амангелді, Жангелдин, Есіл, Жақсы, Қима, Жарқайың секілді аудандарына гастрольдік сапармен шығып, жергілікті халықтың ықыласына бөленді.

Бірақ өкінішке қарай сол кездегі «Шертердің» құрамында болған өнерпаздардың дені бұл өмірде жоқ. Белгілі биші, педагог, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім өз естелігімен бөліскен еді.  Апайымыз қазір Астана қаласында тұрады.

«1970 жылдың күзінде Торғай облысы ашылды. Орталығы Арқалық қаласы болды. Ал 1971 жылдың мамыр айында Алматыдағы эстрада-цирк студиясын бітіріп жатқан түлектер, 12 адам осы Торғай облыстық филармониясына жолдамамен келетін болдық. Сол кездегі филармонияның көркемдік жетекшісі Қайыржан Мақанов ағамыз келіп, біздерді жұмысқа шақырған еді. Ойлануға мұрша жоқ, қолға жолдама берілді. Бірақ бір жылға жетер-жетпес сырттан келген қыз-жігіттер елдеріне қайта оралды. Қалғаны Қыпшақ Қойғарин, Ораз Құлжасов және Ақтөбенің екі қызы: Қазымгүл Бозанова екеуіміз қалып қойдық. Сөйтіп, Торғай облыстық филармониясында «Торғай әуендері» атты қазақ жастар эстрадалық ансамбльі ашылды. Сол ансамбльде бәріміз өнер көрсеттік. Ол кезде эстраданың дүркіреп тұрған шағы. Бірақ бізде эстрадалық аспаптарда ойнайтын музыканттар болмады. Сонымен әр тоқсан сайы музыканттардың қатары өзгере берді. Әр жақтан келген неше түрлі жандар еді. Қысқасы еш береке болмады. 1973 жылы «Шертер» ансамбльін құру туралы әңгіменің басын Өзбекәлі ағамыз бастады. Сол кісінің қолдауымен ансамбль құрылатын болды. Осы құрамға мен, Қазымгүл, Қыпшақ қана қалған едік. Сол жылы Айтжан Настаева деген әнші қыз келді. Ол кейін Қыпшақ Балғаринге тұрмысқа шықты. Музыкалық сауаты бар Сапарғали деген жігіт, онымен қоса Қайыржан ағамыз ол кісі домбырашы еді. Қыпшақ болса шертерге отырды, Қыздар ұрмалы аспаптарда тұрдық. Біздің алғашқы концертіміз 1974 жылдың ақпан айында Алматыда телевидениеде өтті. Себебі сол кезде тың игерудің 20 жылдығы тойланып жатты. 4-5 номерді қойдық. Одар әрі қарай Арқалық қаласында қойып жүрдік. Қазіргі театр тұрған жерде ағаштан салынған құрылысшылар сарайы деген мәдениет үйі болатын. Сол жерде қойып жүрдік. Оның бір қанатында – филармония, бір жағында – театр, ортасында үлкен зал болатын. Ол жерде бәрі кезек-кезек түнімен дайындық жүргізетін. Сондай кездің өзінде Өзбекәлі ағамыз дайындыққа қатысып отыратын. Жаспыз ғой «Осы кісі неғып отыр?» дейтінбіз. Бәрін-бәрін қадағлайтын. Әртістерге барынша жағдай жасауға тырысатын. Күз болса жеміс, қыс болса тон мен пимаға дейін бергізетін. «Шертердің» алғашқы жетістіктері көп болды. Кейін Сайлау Ордабаев қатарға келді. Ол мықты әнші еді, шіркін. Алматыда Торғай облысының мәдени он күндігі болғанда Сайлауды консерваторияға оқуға шақырған. Бірақ ол қалмады. 73-жылы эстрада-цирк студиясын бітірген бір топ жастың ішінде Отаркүл Мұқатова болды, Әбжан Сәрсенбаев келді. Шымкенттен мәдениет интститутын бітірген жақсы домбырашы Тұрсынбек деген жігіт келді. «Шертердің» алғашқы кезеңіндегі жастар мықты еді. Мен 1976 жылы кеттім. Бірақ бүгінгі күнге дейін сол қыз-жігіттер араласып тұрамыз. Отаркүл өте ұйымшыл қыз еді. Сайлау екеуінің әншілігі өз алдына бір төбе. Әттең, өмірден ерте кетті. Біз өте ұйымшыл, бір үйдің балаларындай болдық. Өте бір тамаша кездер еді. Қанша қиын болса да ел аралап, концерт беретінбіз. Қазіргідей бір шыға салып жұлдыз болатын заман емес. Халықтың арасында жүріп танымал болдық. Соны өзіме мақтан тұтамын. Осы ансамбльді сақтап қалу керек еді. Бүгінгі күні неше түрлі ансамльдер бар. Бірақ деңгейі сол «Шертерге» жетпейді, тарсыл-гүрсіл. Бұрын әр аспаптың дыбысы естіліп отыратын. Ол басқаша үн беретін. Қазірде фольклорлық ансамбльдер жетерлік, бірақ олардан шыққан бөгде дыбыстар мен металдың үні құлақ жарады. «Шертерде» ондай артық ды­быс болған емес. Таза музыка­лық аспаптардың үні естілетін. Өнерпаздар ұрмалы аспап­та­ғы ырғақты ұстап, сүйемелдеп отыратын. Ансамбльдің репер­туары да бай болды. Оны Өзбекәлі Жәнібековтің өзі қадағалаған. Әсіресе ол кісі халық ән-күйі мен жергілікті өңірге арналған туындыларды айтуға мән бер­ді. Ауылдарды жиі аралаймыз. Ансамбль құрамындағы жалғыз биші болғандықтан, бір концертте сахнаға 8-9 рет шығамын. Ел адамдары бізді құрақ ұшып қарсы алып, жаны қалмай күтеді. Ән-күйімізді ұйып тыңдайды. Осылай «Шертердің» аты Тор­ғайға ғана емес, Қазақстанға танылды», – деп Тойған Ізім апай өткен күндерді еске алып, сыр шертті.

Жалпы, «Шертердің» даңқы Қазақстанға ғана емес, басқа да елдерге кең танымал болуы­на Өзбекәлі Жәнібековтің үлесі көп болды. Ол кісі ансамбльдің репертуарынан бастап, әртіс­тердің киіміне дейін маңыз бе­ріп, әрбір репертуарды сараптап отырған.

1974 жылы сол кездегі елі­міздің бас қаласы – Алматыда Торғай облысының күндері өтіп, соның аясында өнер көрсеткен «Шертер» ансамблін көруге келген жұртшылықтың қарасы көп болып, «Қазақконцерт» залында ине шаншар орын болмаған деседі. Содан бастап арқалы ансамбльдің аты шығып, рес­публиканың барлық өңірін аралап, көрермендерінің риза­шы­лығына бөленді. Бұдан бөлек, Ресей, Үндістан, Иран, Польша, Болгария, Вьетнам, Корея, Фи­липпин, Жапония секілді шет мем­лекеттерге гастрольдік сапармен барып, солардың сахнасында халқымыздың көне музы­калық аспаптарының үнін жаң­ғыртып, ұлт өнерін асқақтатты.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу