Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын трансформациялау жұмыстары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Алматы қаласында «Оңтүстік» ғылыми-өндірістік селекциялық-тұқым өсіру консорциумы құрылды деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен. Консорциум құрамына елдің оңтүстігінде орналасқан ҰАҒБО-на еншілес ұйымдар кірді.
Ғалымдардың айтуынша, консорциум құру арқылы отандық селлекцияны дамытып, мұндай маңызды кезеңде ғалымдардың өзара байланысы нығаймақ,
“Ортақ жұмыстардың нәтижесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. “Оңтүстік” консорциумында елдің оңтүстігінде орналасқан ҰАҒБО-на еншілес ғылыми ұйымдар бірікті. Құрамына шамамен 12 мекеме кірді. Сараптамалық жұмыстар нәтижесінде ғалымдар әр жобаны бірлесе атқарғанда үлкен жетістіктерге жететінін аңғардық», – дейді ғалымдар.
“Оңтүстік” ғылыми-өндірістік селекциялық-тұқым өсіру консорциумы фермерлерді жоғары сапалы отандық тұқымдар мен сорттармен қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның өсімдік шаруашылығына жаңа серпіліс әкелмек. “Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы” ЖШС басқарма төрағасы Нұрман Мамытұлы ғалымдар, селекционерлер мен тұқым өсірушілер ғылыми тұрғыда жақындаса түсіп, жаңа технологиялар мен сорттарды жедел енгізудің арқасында еліміздің ауыл шаруашылығына дамуға жаңа серпін берілуі мүмкін екенін атап өтті.
“Біз бір-бірімізбен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа үміттенемін. Үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз”, – деді Нұрман Мамытұлы.
Консорциум аясында демонстрациялық полигондарды құрып, фермерлерге жаңа сорттардың әлеуетін көрсету жоспарланып отыр. Осылайша элиталық тұқымдардың көлемі де ұлғаймақ. Ғалымдардың айтуынша, осындай ауқымды жұмыстардың арқасында 2030 жылға дейін шетелдік импорттан мүмкіндігінше арылып, отандық тұқымды қолдану 80%-ға жетуі мүмкін.
Шара барысында ҰАҒБО Басқарма төрағасының кеңесшісі Ержан Айнабеков бұл қадам қазақстандық ауыл шаруашылығының ұстанымын нығайтып қана қоймай, ұзақ мерзімді перспективада елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететінін айтты.
“Нақтырақ айтқанда бұл консорциумның дамуы елдегі дақылдардың өнімділігі мен көлемінің артуына әкеледі. Тұқым сапасын арттыру, тұқымдарды бақылау мен қадағалаудың жаңа жүйесі фермерлерді сапалы өнім өсіру үшін сенімді құралмен қамтамасыз етеді”, – деді Ержан Айнабеков.