45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау 5 қарашада өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өтеді. Заңнамаға сәйкес, пилоттық өңірлердің тізбесін және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды өткізу күнін белгілеу жөніндегі өкілеттіктер мәслихаттарға бекітілген. Сонымен 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Оның ішінде – 3 қала және 42 аудан. Сондай-ақ сайлау өткізу күнін белгілеп шықты. Мәслихаттар қабылдаған шешімдер негізінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді», – деді Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.
Оның атап өтуінше, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары мәслихаттың шешімімен белгіленген сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде 50 күн бұрын, яғни, 15 қыркүйектен кешіктірмей тағайындауы керек.
«Сайлауды жариялау, дайындау мен өткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ қорытындылау бойынша айрықша құзірет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі екенін тағы да атап өткім келеді. Орталық сайлау комиссиясының осы науқан шеңберіндегі құзіреті әдістемелік және нормативтік қамтамасыз етуде. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық окургтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында іс жүзінде асырылып келеді. Бұл тәсілде сайлау комиссияларының тәуелсіздігі туралы сайлау заңнамасының конституциялық қағдиаты, олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қызметіне араласпау толық көлемде жүзеге асырылады, – деді ол.
Айта кетейік, Қостанай облысының Алтынсарин, Қарабалық, Федоров, Денисов аудандары мен Рудный қаласында әкімдер сайлауы өтеді.