Ерлі-зайыптылар Бурак пен Идил Дуран екі жасар ұлымен және журналист Энес Илдырмен бірге Астанаға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бара жатыр.
“Көшпенді” деп аталатын автобуста олар өз жолдарын Анкарадан бастады. Олардың автобусы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эмблемасымен безендірілген және тұруға қажетті барлық заттармен жабдықталған.
Саяхатшылар Атырау және Ақтөбе облыстарында болып, оларға қазақтардың қонақжайлылығы көрсетілді.
Түрік көшпенділерін Қостанай облысында да жылы қарсы алды.
5 қыркүйекке қараған түні Қамысты ауданында жергілікті атқарушы органдар қонақтарға кешкі ас пен түнейтін орынмен қамтамасыз етті.
Кеше Денисов ауданында, Лисаковск қаласында ыстық шай мен бауырсақ беріп, «шашу» шашып және домбыраның күмбірімен қарсы алынды.
Рудный мен Қостанайда мұражайларға экскурсиялар ұйымдастырылды, онда түріктер қазақ мәдениеті мен астықты өлкенің тарихымен танысты.
Патрульдік полицейлер жол бойында қауіпсіз жүруді қамтамасыз етті. Тәртіп сақшылары жүргізушіге жадынамалар мен жол қозғалысы ережелері көрсетілген жапсырмалары бар су берді, ал оның кішкентай жолаушысына шағылыстыратын фликер жапсырды.
Бурак Дуран өзінің «Көшпенді» көлігімен Анкарадан 12 тамызда шығып, 5 мың шақырымдай жерді жүріп өтті. Жергілікті билік оларды жылы қарсы алып, жан-жақты қолдау көрсетті.
Саяхатшылар Әулиекөл және Қарасу аудандары арқылы да өтіп, ұлттық тағам бесбармақтан дәм татты.
Саяхатшылар қазақтың қонақжайлылығы мен көмегіне ризашылықтарын білдіріп, сапарларын ары қарай аман-есен жалғастырды.