Қазақ қоғамының ең маңызды қажеттіліктерінің бірі – ойын ашық айтып, сыни тұрғыдан ойлай алатын жастарды тәрбиелеу. Қостанай өңірлік университетіндегі қазақ дебаты қозғалысы дәл осы бағытта жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл жөнінде «Ахмет ұрпақтары» дебат клубының белсенді мүшесі Сағыныш Егенберліқызы баяндап берді.
Бұл қозғалыс пікірталас алаңы ғана емес, жастардың өз-өзін дамытуына, жаңа идеяларды іске асыруына мүмкіндік беретін үлкен мектепке айналған. Қазақ тіліндегі дебат қозғалысының қалай дамып жатқанын және қандай жетістіктерге жеткенін түсіну үшін біз Сағыныш Егенберліқызымен аз-кем сұхбаттасқан едік. Ол өз тәжірибесі, қозғалыстың жетістіктері және алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.
«Дебат әлеміне қызығушылығым 10-сыныптан басталып, содан бері төрт жыл бойы осы салада өзімді шыңдап келемін. Қостанай өңірлік университетіне түскеннен кейін өз ортамды тауып, дебатқа деген құштарлығымды одан әрі дамытуға мүмкіндік алдым. Университетіміздегі дебат клубында жетекшілік қызмет жыл сайын ауысып отырады және біз бұл лауазымды «президент» деп атаймыз. Осы құрылымның арқасында әрбір мүшеге көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беріледі. Мен де клубтың белсенді мүшесі ретінде осы үрдіске қатысып, ұйымның дамуына өз үлесімді қосудамын», – дейді Сағыныш.
Ол осы қабілеті арқылы ойлау, сөйлеу, пікір-көзқарасын еркін жеткізе білу қабілетін қалыптастыра түскен. Клубтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға атсалысып жүр. Жетістіктері де аз емес.
«Дебатқа қатысуымның арқасында көптеген жетістікке қол жеткіздім. Жарыстарда жеңіске жетіп қана қоймай, өзімнің сыни ойлау қабілетімді, шешендік өнерімді және көшбасшылық қасиеттерімді дамыттым. Бұл тәжірибе маған өзімді жаңа қырдан танып, болашаққа деген сенімімді нығайтты. «Ахмет ұрпақтары» дебат клубындағы мүшелігім менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Бұл ортада мен өзімді жан-жақты дамытып, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасып келемін», – дейді ол.
Қостанай өңірлік университетіндегі қазақша дебат клубына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Студенттер білім алумен шектелмей, өздерін жан-жақты жетілдіруді көздейді. Ал бұған клубтың ықпалы айтарлықтай зор.
«Клуб мүшелерінің барлығы бірдей дебат ойнауға міндетті емес. Турнирлер мен іс-шараларда креативті идеяларымен үлес қосатындар да бар. Сондықтан біз әрбір келген студентті қолдап, қатарымызда қалуға әсер етуге тырысамыз. Біз үшін клубтың әрбір өкілінің мүддесі маңызды. Қандай да бір елеулі жобалар кезінде команданы жақсы жағынан көрсету үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз», – дейді Сандуғаш.
Қазақ тіліндегі дебат клубтарына ортақ мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – көп жағдайда тұрақты қолдаушылардың аз болып жататыны. Дебатшы мұның себептеріне де үңіліп көрді.
«Қостанайда орыс тіліндегі дебат клубтары жақсы дамыған. Ал бізде олардағыдай демеушілер көп емес. Бірақ соған қарамастан қазақша дебатқа сұраныс артып келеді. Жасырары жоқ, бізге қарағанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қазақша дебатқа қызығушылық жоғары. Аймақтық деңгейде дебат қозғалысы қоғамға ықпал ету тұрғысында белгілі бір шектеулерге тап болады. Мысалы, кейбір турнирлерде «Жастар Рухы» демеушілік етіп, саяси және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Дегенмен дебатшылар ұсынған идеялар мен көзқарастар билік тарапынан ескеріле бермейтіні рас», – дейді ол.
Оның пікірінше, еркін ойлы жастардың осындай қозғалыстар арқылы айтып жүрген пікірі мен көтергісі келетін мәселелері, қосып жүрген үні белгілі бір деңгейде еленіп-ескерілуі керек. Ол қостанайлық дебатшы жастарға жан-жақты қолдау-демеу көрсетуден басталғаны жөн.
Нұрдана Тағаймұратова,
ҚӨУ студенті