Қазақ анимациясының жаңа кезеңі: жобалар мен жетістіктер

Қазақ анимациясының жаңа кезеңі: жобалар мен жетістіктер

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі «Қазақфильмнің» жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің 13 бөлімнен тұратын «Тоқаш пен Бақаш» атты анимациялық жобаны сәтті аяқтағанын хабарлады. Аталған жоба биыл көрермен назарына ұсынылмақ.

Бұдан бөлек, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қаржыландыруымен түсірілген «Үміт әрдайым жанымызда» қысқаметражды мультфильмі мен «Алтын Адам» толықметражды анимациялық фильмі көрерменге жол тартқалы тұр.

2024 жылы қазақ анимациясының алтын қорындағы «Ақсақ құлан», «Ақыл мен байлық», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындылары жаңғыртылып, заманауи форматқа сәйкестендірілді.

Сонымен қатар, Голливудтың әйгілі студиялары дубляждаған «Ойжұмбақ 2», «Мен жексұрын 4», «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» және «Жабайы робот» фильмдері қазақ тілінде кең прокатқа шығарылды.

«Кинопоиск» платформасында қазақша аударылған «Гарфилд» мультфильмі, ал «Bee TV»-де «Да Винчидің таңғажайып оқиғалары» онлайн көрсетілімге қолжетімді болды.

Осы жылы «Қазақанимация» аясында 10 жаңа анимациялық жоба дайындалып, «Жібек» және «Команда А. Миссия Айка» фильмдерінің түсірілімдері аяқталады. Қазақ киносының мұрағатына енген «Ақ бота» фильмі қайта өңделіп, жаңартылатын болады.

Мемлекеттік қолдауға ие болатын жаңа анимациялық жобалар ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ата-анаға құрмет, достық, қазақ ертегілері және спорт тақырыптарын қамтуға бағытталады.

Қазақ анимациясының өркендеуі үшін 2025 жылдан бастап арнайы стратегия әзірленіп, оны жүзеге асыруға қатысты жұмыстар үздіксіз жалғасын таппақ.

 

Бахыт Исимбаева 

ҚӨУ студенті 

Жаңалықтармен бөлісу