Қостанай қалалық №2 сотында Людмила Т-ға қатысты сот отырысы өтті. Сотталушы 2019-2021 жыл аралығында Finiko ұйымының Қостанайдағы бөлімшесін басқарған.
Оған ҚР ҚК 2017-бабының 3-бөлігі (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару) бойынша айып тағылып отыр. Залал сомасы 162 млн теңгеден астам, 36 жәбірленуші бар.
Алтынбек О. – Қарасу ауданының тумасы. Куәгер ретінде жауап берген жәбірленушінің айтуынша, бұл ұйым жайлы оған оның құдасы айтқан екен.
«Естіген соң қосымша іздендім. Сайттарға кіріп, YouTube-тен қарадым. Бәрі ашық түрде жарияланып жатты. Сол себепті бұл алаяқтық емес сияқты көрдінді. Finiko-ның негізін қалаушылар ашық түрде адамдар жинап, үлкен залдарда жиын өткізгенін көрдім. Сосын «егер бұл заңсыз болса, оларға бұл қызметпен ауқымды түрде айналысуға мүмкіндік бермес еді» деп ойладым. Сосын Людмила Т.-мен кездестік. Бастапқыда екі мың доллар шамасында қаржы бердім. Бас-аяғы 20 мың доллар қолына ұстаттым», – деді ол.
Алайда жәбірленуші берген 20 мың долларын өтеп беруді соттан сұраған жоқ. «Адамның басына түрлі жағдай келеді, сол себепті кеткен қаржымды қайтаруды сұрамаймын» деді ол сот алдында. Сотталушының қорғаушысы да бұл жайлы анықтап сұрады.
«Жоқ. Ешқандай талап қоймаймын. Мен бәрібір бұл ақшаның қайтпайтынына көз жеткіздім. Осы уақытқа дейін көп күзеліске де ұшырадым. 20 мың доллар аз ақша емес. Бірақ қайтарсын деп те арызданбаймын», – деді жәбірленуші.
Ал екінші зардап шегуші 3 млн теңгеден астам қаржы салған. Ол да кеткен ақшаны қайтаруды талап ектен жоқ.
«Жолдастарыммен кездескенде осы ұйым жайлы әңгіме болды. Кейін қызығушылық танытып, «Турист» қонақ үйіндегі бөлімшесіне бардым. Адам көп екен. Сол жерде бір-бірінен сұрап, білетіндер барынша үйретіп жатты. Маған нақты кімнің ұйым жайлы айтып бергені есімде жоқ. Сол жерде жүрген қыздардың біреуі айтты. Кейін Finiko қосымшасын телефонға жүктеп алдым. Мені сол жердегі қыздар тіркеп берді. Қосымшада үш қызмет түрі бар екен. Біріншісі, алғашқы сома салып, үстеме қаржы алуға болады. Екіншісі көлік алуға, үшіншісі пәтер алуға арналған. Мен көлік алуға ақша салдым. Қаржыны Людмиланың қолына ұстаттым. Сосын қосымшаға қаржы түскен соң көліктің сұлбасы шықты. Ол маған қарай жүріп келе жатты. Қосымшаны үнемі ашып, көлік маған қашан жетер екен деп қараумен болдым. Ал басқа крипта-әмиян дегенге мән бермедім. Кеткен қаржы кетті, талап қоймаймын», – деді жәбірленуші.
Жәбірленуішерлен жауап алу жалғасып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор