Қарасу ауданында су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр

Қарасу ауданында су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр

Ауданға қарасты Новоселов ауылында су тасқынының алдын алу мақсатындағы инженерлік жұмыстар жүргізілу үстінде.

Бүгін құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен Алабата көлінен Құндызды өзеніне шамамен 250 миллион текше метр қар суын бақылаумен ағызу жұмыстары басталды.Суды бұру үшін ұзындығы 14 шақырым, тереңдігі 14 метрге дейін және ені 5 метрге дейін жететін арнайы дайындалған арна пайдаланылады. Су осы арна арқылы Құндызды өзеніне, содан кейін Обаған өзеніне құяды. Бұл арна көктемгі қар суы деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты ықтимал су басудың алдын алу үшін салынған. Су ағатын бағытта елді мекендер болмағандықтан, аумақтардың су астында қалу қаупі минимал деңгейде.Құндызды өзенінің ағысы бойынша үш шақырым жоғарыда орналасқан Новоселов ауылында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімі және жедел жәрдем қызметкерлері кезекшілік етуде. Жағдайды бақылау мақсатында шамамен 20 құтқарушы, 7 техника, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты және 3 моторлы қайық жұмылдырылды.Алабата көлінен өзенге суды бақылаумен ағызу шаралары аймақтағы тұрғын үйлер мен ауыл шаруашылығы алқаптарының су астында қалу қаупін азайтады. Ұйымдастырылған шаралар, оның ішінде тұрақты мониторинг пен жедел әрекет ету, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көктемгі тасқынның салдарын барынша азайтуға бағытталған.

Жаңалықтармен бөлісу