Қар тазалауға жауапсыз ұйымдарға айыппұл салынады

Қар тазалауға жауапсыз ұйымдарға айыппұл салынады

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аулаларды тазаламаған мүлік иелерінің бірлестігі мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативіне айыппұл салуды тапсырды.

Қала басшысы бірлестіктерге 10 ақпанға дейін уақыт берді. “IKomek” ахуалдық орталығына тұрғындар тарапынан қара аршу жөнінде 2166 өтініш келіп түскен.

            “Мердігерлер күні-түні жұмыс істеп жатыр. Қаңтар айында қардың да көп түскенін ескеру керек. Десе де жауапкершілік жеңілдемейді. Бірқатар мердігерлерге ескерту берілді. Техника жетпесе жалға алыңыздар дедім. Ескертуден сабақ алғандар бар. Қар аршу жұмысы аула аумақтарында бәсең. Ал “Кондоминимум объектісінің ортақ мүлкін ұстау ережесіне” сәйкес аула қарын, мұзды, оның ішінде шатырды тазалауға қызмет көретуші ұйымдар жауапты. Егер 10 қаңтарға дейін ауладағы қар шығарылмаса полиция айыппұл салсын” – деді М.Жүндібаев.

Қалада 1237 көп қабатты тұрғын үй бар. Осы үйлерге қызмет көрсететін 235 мүлік иелерінің бірлестігі, 63 пәтер иелерінің тұтыну кооперативі және 57 қарапайым серіктестік ұйымдары тіркелген. Ал, мүлдем қызмет көрсетілмейтін 235 тұрғын үй бар.

Қостанайда жалпы 523 аула бар. Ақпан айының басында ТКШ бөлімі 97 аулаға мониторинг жүргізген.

            “Қызмет көрсетілмейтін үйлердің тағдырын қарастыру керек. ТКШ бөлімі жүргізен тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді. Аулалардың тең жартысы қардан тазаланбаған. Ең көп тазартылмаған аулалар “Береке”, “Юбилейный”, “Алтын Арман” шағын аудандары. Жұмыс істемесе айыппұл салып шара қолданатын боламыз. Тек осылай тәртіп орнатамыз, басқа жолын көріп тұрған жоқпын”, – деді М.Жүндібаев.

Бизнес өкілдері де аула, алаңдарын өздері қалыпқа келтірулері керек. Полиция өкілдері қаңтар айының 29-нан ақпан айының екісіне дейін қаладағы кәсіп нысандарына тексеріс жүргізген. Кәсіпкерлерге 7 ескерту хаттамасы және 50 АЕК көлемінде 5 айыппұл салынған.

            “Кәсіпкерлерді үлкен, кіші деп бөлмейміз. Бизнес жүргізіп отырған соң тұтынушыға деген құрмет болуы керек. Саған келген адам ақша әкеледі, бизнесін өркендеп жатыр. Бизнес өкілі де өз тарапынан жағдай жасауы керек. Тайғақ болса құм, тұз себулі, қар болса аршулы тұруы керек. Қарапайым ғана дүниелер. Тағы да тапсырма беремін, жергілікті полиция қызметі кәсіпкерлік және ТКШ бөлімі бірігіп жұмыс істеуі қажет. Ескертуді елемегендерге айыппұл толтырыңыздар”, – деді қала әкімі.

Марат Жүндібаев айыппұл салу арқылы тәртіп ортануға болатынын жеткізді. Бір рет айыппұл арқалаған ПИК, МИБ және кәсіпкерлер келесі жолы бұл жұмысты ескертусіз-ақ істейді деді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Б.Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу