14 июня, 2025
Қаңтар-сәуір қорытындылары: барлық салада өсім бар

Қаңтар-сәуір қорытындылары: барлық салада өсім бар

Ұлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сәйкес, еліміздің 2025 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары шығарылды. Бұл деректер ҚР Үкіметінің ресми Telegram-арнасында жарияланды.
Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша, ЖІӨ өсімі 6% болды. Экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді.

Көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.

Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі – 16,2%. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

«Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсім барын көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңір: Түркістан облысы – жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы – астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті», – делінеді деректе.

Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Өсім тау-кен секторында – 7,1%, атап айтқанда, көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2% құрайды, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).

Ауыл шаруашылығы оң динамиканы көрсетіп отыр. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ға тең болды.
Үкімет Президенттің еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының сапалы іске асырылуын бақылауда ұстайды.

иллюстрация: kazNARU