Қаңқу мен қорқудың қажеті жоқ

Қаңқу мен қорқудың қажеті жоқ

АЭС-ті Семейдегі ядролық сынақ сияқты түсінетіндер бар. Бұл – не салынатынын мүлдем білмеу деген сөз. Станция – ол энергия өндіретін нысан, ал полигон – сынақ алаңы.

Сондықтан, басқа әңгіме артық. «Ертең мал жайылымы, өзен-су бүлінеді», «балалар кеміс туады» деген қаңқуға сенудің қажеті жоқ. Нақты ақпаратқа қанықпай, дабыраға ере беруден еш пайда таппаймыз.

Атом энергиясын қауіпсіз және сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді.

МАГАТЭ сарапшылары қазірдің өзінде Қазақстанда болып, еліміздің атом электр станциясын салуға дайын екенін растады. Яғни, бүкіл процесс халықаралық қоғамдастық бекіткен ережелер мен нормаларға сәйкес жүргізіледі. Олар бәрін қадағалап отырады. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, АЭС ең тиімді энергия көзі. Дамыған және дамушы елдер бұл бағытта өте дұрыс шешім қабылдағанына күмәнім жоқ.

Қазір отыздан астам мемлекетте осындай станциялар жұмыс істеп тұр. Ұлыбританияда, Түркияда, Үндістанда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде және Қытайда тағы жаңалары салынып жатыр.

Демек, энергияны осылайша өндіру әлі де өзекті.

Енді «табиғатқа зияны келмей ме?» деген қорқынышқа тоқталайын.

Әлем тәжірибесінде АЭС-ті табиғи су қоймаларының жағасына салу бұрыннан бар.

Атом энергиясының күшін станциялардың іші-сыртын көгалдандырып, абаттандыруға қолданып отырған елдер де бар. Мамандар салқындату қоймаларында балық өсіруге болатынын да айтып жүр.

Ауаға тарайтын парниктік газ шығындыларын азайту да біздің мемлекет мойнына алған міндет. Қазақстан оның көлемін 2030 жылға қарай 15% кемітуді көздеп отыр.

Ал атом электр станциялары осы жағына тиімді.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу