Қамыстыда қарғын суға қарсы қам жасалып жатыр

Қамыстыда қарғын суға қарсы қам жасалып жатыр

Қамысты ауданының аумағында Адай селолық округінің Пушкин ауылы су басуы мүмкін аймаққа жатады. Қарғын судың алдын алу мақсатында кенттің оңтүстік батыс бөлігіндегі  Тобыл өзенінің арнасына жақын  тұста Пушкин ауылын қоршап тұрған жалдар бар.

Аудан аумағында су басуды болдырмау үшін 183 су өткізгіш құбыр тазартылды. Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметтері бойынша, Алтынсарин мен Орқаш, Қамысты-Мешітті – Фрунзе ауылдары арасындағы автожолдарды су басу қаупі бар.

Аудан тұрғындарына су тасқынына қарсы алдын алу іс-шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ, су басқан жағдайда суды сору үшін ассенизаторлар жүргізушілерімен келісімшарттар жасалған.

«Қар мен мұздың белсенді еруі кезеңінде жергілікті жерлерде кезекшілік ұйымдастырылуда. Су тасқыны өршіген жағдайда аудан аумағында арнайы техника кезекшілікке шығарылады», – дейді Қамысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері.

Қазіргі уақытта су басу қауіпі бар аймақтарда 8 мың 591 текше метр қар тазаланды.

Аудан әкімдігі мен  жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі су басу қаупі  бола қалған  кезде тұрғындарды  8-714-37-21-4-87 нөміріне хабарласуын сұрайды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу