Былтыр Қамыстының Қарабатыр ауылына бүтіндей бес отбасының көшіп келгенін жазған болатынбыз. Биыл Моңғолия елінің Бай-Өлке аймағының Сақсай елді мекенінен тағы үш отбасы атажұртқа оралды. Бүгінде олар Қарабатыр ауылына қоныстанып, баспаналы болып, жұмысқа орналасып, орнығып жатыр.
Елге ел қосылса – құт
Көшті бастап келген – Қызметхан Стуанидың отбасы. Қазір ол да, жұбайы Күлжазира да Қарабатырда май құю бекетінде күзетші.
– Былтыр осында отбасымен көшіп келдім. Қазір үйреніп қалдық. Бұған дейін Бейбітхан деген бауырым қоныс аударған болатын. Одан кейін жиендеріміз келді. Балаларымыз атажұртын білсін деген ниетпен жеттік. Сақсай елдімекенінде көп жыл мал бақтым. Түйе баққам, түйеші болдым. Енді осы жаққа қазақ еліміз деп көшіп келдік. Денсаулығым сыр беріп жатыр. Содан емделу үшін Моңғолия жеріне қайта-қайта баруға тура келді. Бізбен бірге ұлым келді. Ол үйлеген. Отбасымен бірге көшіп келді. Жұмысқа орналасаты. Ұлым жүк көлігінде жүргізуші, бидай тасиды. Қызым мектеп жасында. Қазір Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінде оқиды, екі немерем бар – дейді Қызметхан Стуани.
-Келгенде ауылдықтар бізді жылы қабылдады. Келгенде жергілікті әкімдік, шаруашылық басшысы мықты көмектесті. Бүкіл материалдық жағынан. Ештеңеден тапшылық, таршылық көрңп жатқаымыз. Әлі күнге дейін қолдарынан келгенше көмектесіп, керегімізді әкеп беріп жатыр, – дейді жұбайы Күлжазира.
Қызметхан ағамыз малсақ, Сақсайда жүргенде атбегі болған. Небір жүйріктерді баптаған екен. Сәйгүлік көрсе, әлі күнге дейін делебесі қозып тұрады.
– Бәйге атының терін алу өз алдына бір өнер. Бәйге атын баптаудың маңызды сатысы мынадай. Ат баптауда оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтіру керек. Терін алуда артықша қинап, етін ауыртып алудан, орынсыз жабулап үздіктіруден сақтану қажет. Тер алуда ат көп терлемейтін күйге келгенде тоқтатылады. Тәжірибелі атбегілер аттың терін алғанда әр реткі ат терін жалап, дәмін татады. Тердің түсі мөлдір су сияқты, бөтен дәмі болмағанда ащы тері шығарылды деп бағалайды. Бұл оның бабына келіп, бәйгеге қосуға жарайтынын білдіреді. Айта берсең, ат баптаудың өз бір бөлек өнер. Бұл жақта келісті жүйріктердің бағасы өте қымбат екен. Мүмкіндігім келсе, ат баптау өнерін жаңғыртқым келеді, – дейді Қызметхан Стуани.
Бар ойлары – алғашқы лекпен көшіп кеткен атамекендегі туыстарына қосылу, ұрпақтарын ата-баба жерінде өсіріп жеткізу.
– Атамекен деп аңсап келіп отырмыз. Қалған бала-шағамыз осы Қазақстаннын қандай жер екенін көрсін-білсін деген ниетпен. Кезінде ата-бабаларымыз Шығыс Қазақстаннан Зайсан деген жерінен Моңғолия асып кеткенін айтып отыратын. Сол Моңғолияның Мекен деген жерде жүз мың қазақ өсіп өнген. Менің ата-бабаларым сол жерді мекендепті. Кезінде біздің еліміз – Қазақстан. Атамекенге жетіп алыңдар деп айтып отырушы еді. Сол бабамыздың өсиетінің орындалғаны деп білемін. Төрт ағайыннан тараған ұрпақпыз. Қазір бауырларым Қоянды, Алматы, Талдықорғанда тұрып жатыр. Олар 1992 жылы көшіп келген. Өзіміз жұмысқа да орналастық. Мемлекеттен бөлінетін тиісті көмекті алып жатырмыз. Жергілікті тұрғындар да жақсы қарсы алды. Ерулігін беріп шақырып жатыр. Енді Моңғолиядан таршылық көрген жоқпыз. Бұнда бар тіршілік ол жақта да бар. Мал ұстадық. Тіршілігі ұқсас, – дейді кейіпкеріміз.
Қарабатырға қоныс тепкен келесі отбасы – Жұмабек Байтуған мен Еркегүл Ұйымдас. Олар да Моңғолияның Сақсай елді мекенінен үш баласымен көшіп келген. Қазір баспаналы, жұмысқа да орналасып үлгеріпті. Екеуі де «Қарабатыр» агрофирмасында жұмыс істейді.
– Ол жақта еш жамандық көрмедік. Бірақ өз еліміздің ортасында болайық, бала-шаға атамекенде өссін деп келдік. Ана жақта анам және екі бауырым қалды. Алдағы уақытта олар да көшіріп әкелмек ойымда бар, – дейді Жұмабек Байтуған.
Ол Моңғолияда құрылыста жұмыс істепті. Көшіп келіп, құжаттарын өткізіп қойған. Кейбір алғашқы көмекті алып үлгеріпті.Тиісті көмекті кейбіріне қол жеткізген. Серіктестік тарапынан малдануға 1 ірі қара, бес қой беріліпті.
Төрт мыңнан астам қандас атажұртқа оралды
Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 351 этностық қазақ атажұртпен табысып, қандас мәртебесін алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 1991 жылы тәуелсіздік алған елең-алаң шақтан бері тағдыр тауқыметімен тарыдай шашырап, қиыр жайлап, шет қонған ағайын арасынан атажұртқа 1 миллион 132,7 мың қазақ оралыпты. Биыл үш айда атамекенге қоныс аударған қандастардың басым көпшілігі Қытайдан (51,1%) келген. Осы жылы Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия мен Ресейден, басқа мемлекеттерден көшіп келушілердің 59,1%-ы – еңбекке қабілетті жаста. Көшіп келген қандастардың 31,7%-ы кәмелеттік жасқа толмаған, ал 9,2%-ы – зейнеткерлер. Көшіп келген еңбекке қабілетті қандастардың ішінде жоғары білімді (16,9%), орта кәсіби білімді (21,5%), жалпы орта білімді (55,5%) азаматтар бар. Ал білім алмағандардың үлесі – 5,1%.
Көші-қон, оның ішінде елге ел қосылып, демографиялық өсімге серпін беретін сырттан көшіп келушілер мен ішкі миграцияға қатысты саясат өзгеретінін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан-ды. «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруға тиіс», – деді Президент.
«Бір терезе» қағидаты бойынша
Атажұртқа оралған ағайындар әр өңірге қоныстанады. Әсіресе еңбек күші тапшы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында қандастардың қазығын қағып, қоныс тепкені аса маңызды болып отыр. Қоныстандыру өңірлерінде биылғы квота – 2 433 адам. Былтырғы нәтиже бойынша 1 981 қандас өңірлерге көшіп барған. Мемлекет шетелден көшіп келетін қандастарға әлеуметтік көмек көрсетуде бірнеше бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, мемлекеттік қолдау шарасы аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (258,4 мың теңге) мөлшерінде көшіп келуіне субсидия беріледі. Тұрғын үй жалдау ақысына және коммуналдық төлемге көмек есебінде 15-30 АЕК (110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қаражат аударылады. Биылғы үш айда 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде 368 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ерікті түрде қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшіп баратындарға жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар да қабылданды. Тұрғын үйді сатып алу, болмаса салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға да қолдау көрсетіледі. Экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасыға 4 миллион 280 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз беріледі.
Былтырдан бері қанатқақты режімде Қазақстан елшіліктері арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру жұмысы да жүзеге асырылып келеді. Ілкімді жоба аясында елімізге келуге, жұмыс орнын тауып, тұрғын үй алу мүмкіндігін шешіп, шекарадан өтпей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Осы күнге дейін «Бір терезе» қағидатымен 7 518 өтініш қабылданған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ