Қала көшелерін ластауға жол берген мердігер жазаланды

Қала көшелерін ластауға жол берген мердігер жазаланды

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бұған дейін құрылыс алаңында әр мердігер ұйымның көлік жуу орынын салуы шарт деген болатын. Яғни, құрылыс алаңынан шығар кезде, көліктің дөңгелектерін жуулары қажет. Қала көшесін ластауға рұқсат жоқ.

Егер дерек анықталған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің 630-бабына сәйкес олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

Полиция бөлімінің патрульдік қызметшілері мен учаскелік полиция инспекторлары журнлистердің қатысуымен рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Нәтижесінде дөңгелегіндегі батпақты тазартпастан Қостанай-2 ауданы аумағында кетіп бара жатқан жүк көлігін тоқтатты.

Көлік иесі бұл жағдайға мердігер ұйымды айыптады.

“Менің қандай кінәм бар? Егер мердігер ұйым көлік жуу орнын орнатса, жуып жүретін едік. Мұндай тәртіп барын білемін. Бірақ мен көлігімді қайта апарып жуамын, ол құрылыс алаңында болуы керек, мұнда орнатылмаған. Айыппұлды маған емес, мердігер ұйым өкілдеріне салыңыздар”, – деді жүргізуші.

Полиция қызметкері мердігер ұйымның құрылыс алаңына жауапты қызметкерді шақыртты. Ол көлік жуу орны бар екенін, бірақ арғы беттегі жол жабық болғандықтан көліктердің бара алмайтынын айтты. Полиция қызметкері тәртіп бәріне ортақ екенін ескертіп, мердігер ұйым өкіліне екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Ал белгіленбеген аумақта және қоқыс орнының жанына ірі көлемде қоқыс тастаушыларға да жаза қаралған. Оларға ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша бірінші ескерту хаттамасы толтырылады. Оны елемегендер айыппұл арқалайды.

“Рейдтік іс-шара аясында абаттандыру тәртібін бұзатын, екі қоқыс үйіндісі анықталды. Сондай-ақ, тас төсемінін беткі қабатына зақым келтіріп, ластаған екі көлікке шара қолданылды. Тәртіп бойынша құрылыс алаңында көлік жуу орындары болуы шарт”, – деді Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернұр Алтаев.

Осы уақытқа дейін ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 1993 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін ӘқБтК-нің 434, бабына сай 380 хаттама толтырылған.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу