ҚАЙШЫЛЫҚ  ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

ҚАЙШЫЛЫҚ  ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Мүлік иелерінің бірлестігі, басқарушы компаниялар мен кәсіпкерлердің өзара қарым-қатынасы “Атамекен” облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Кеңес төрағасы Владимир Шакун  бұл отырыстың мәні өзгеререк екендігін айтты. Мәселе  жаңа жүйедегі ( мүлік иелерінің бірлестігі) бизнес өкілдерінің  мүдделері ескерілмейді деп санайтын кәсіпкерлердің ұжымдық өтініші негізінде туындап отыр.

Қалалардағы  көпқабатты үйлердің төменгі қабаттарында кәсіпкерлік  нысандары – дүкендер, кафелер, шаштараздар орналасқан. Олардың иелері бұрынғы пәтер иелерінің кооперативтерімен  ортақ келісім болған. МИБ-тің құрылуымен екі жақты байланыс үзілген. Бірқатар проблема пайда болды. Дәлірек айтқанда, тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүдделері қабыспады. Оны  “Орталық саябақ” МИБ-інен байқауға болады. Бұл бірлестік  Баймағамбетов көшесіндегі  162 үйде орналасқан.

Көпқабатты  үйде  кәсіпкерлік нысандар өте көп. Аулада үнемі “бөтен” көліктер ерсілі-қарсылы жүреді. Тұрғындар осыған наразы. Сондықтан, МИБ жетекшілері бұған қарсылық танытқан. Бірақ,  кәсіпкерлер мұнымен келіскісі жоқ. Айтуларына қарағанда МИБ тарифті бірнеше есеге көтерген. Ауладағы кіреберіске шлагбаум қойған. Оның кілтінің бағасы бес есе жоғары. Мұндай бағамен кіріп-шығу өте қиын дейді.

Әзірге, кәсіпкерлер мен мүлік иелері бірлестігі  басшылығы арасында өзара түсіністік болмай тұр. Дау-дамай сотта шешілмек. Кәсіпкерлердің айтуынша, басшылық мүлік иелерінен жинайтын ақшаны  босқа ысырап етіп отыр. Мәселен, үйді абаттандыруға қажетті қаржыдан соттың шешімімен айыппұл төлейді.

Жеке кәсіпкер Павел Ким МИБ  құру туралы заңнамада олардың мүдделері нақтыланбаған деп санайды. Жаңа құрылымдардың қызметін ешкім бақыламайды. Олардың жұмысында бейберекетсіздік, өзім білемдік көп. МИҚ қауымдастығы да  мәселеге нүкте қоюға асықпайтын сыңайлы. Кәсіпкерлер көптеген мемлекеттік құрылымға жүгініп көрді. Алайда, нәтиже жоқ. Құдды бір МИБ жергілікті өзін-өзі басқару мекемесі сияқты. Жиында  салық қызметінің өкілі мәселеге қатысты үн қатты. Ол шлагбаум кілттерін жоғары бағамен сатқан мүлік иелерінің бірлестіктері  фискалдық чектер  береме деген сұраққа жауап іздеді.

Прокуратура өкілі де  кәсіпкерлердің өтініші бойынша өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, мұндай кикілжіңдердің  жаппай орын алуы  мүмкін емес.  Ілуде біреу кездесіп қалады. Егер мемлекеттік органдар араласатын болса, онда бұл әкімшілік кедергілер ретінде қарастырылуы мүмкін. Жиын соңында  кеңес мүшелері, мұны  нормативтік-құқықтық реттеу қажет деген пікірге келді. Бірақ, нақты ұсыныстар жасау  үшін жағдайды тағы бір рет талдау қажет.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу