Ежелден еркіндікте өмір сүріп, азаттықты бәрінен жоғары қойған қазақ халқы ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылында тағдыранықтағыш сын-қатермен бетпе-бет келді. Тап осы жылдары империяны, тіпті әлемді дүр сілкіндірген 3 революция ұлы даланың ұлы перзенттерін тарих сахнасына шығарды, отарлық езгіден құтылудың басты шарты ұлттық мемлекет құру екеніне көз жеткізді. Халық қоғамдық-саяси есею мектебінен өтті, қилы-қилы идеялық ағымдар мен қозғалыстар дүниеге келді.
1916 жылдың басты оқиғасы – халық көтерілістері.Кенесары құбылысынан кейін ол Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. Шілде айының алғашқы күндерінде-ақ ішкі Бөкей Ордасының уақытша кеңесі 25 маусымдағы патша жарлығын қолдай отырып, ел іші тыныштықтан айрылғанын мәлімдеді. Қазақтарға арналған үндеуінде былай делінген: «…не слушайте внушений со стороны всевозможных агитаторов и ходатаев о том, что надо укрываться, и, что впоследствии призыв будет отменен, а являйтесь аккуратно и с достоинством на сборные пункты в установленные сроки, с готовностью послужить родине самоотверженно».
Тап осы шамада Ақмола уезі Қорғалжың болысының бір топ қазағы әскери губернатор П.Н. Масальскийге жолдаған хатында наразылық өршіп бара жатқанын, оны келіссөздермен тоқтату еш мүмкін еместігін ескерткен. Арқа өңіріне танымал «құрметті» қазақ паң Нұрмағамбет те тамыздың 7-ші жұлдызында көтерілісшілерді сөзбен тоқтату мүмкін емес, тек әскери күшпен ғана басуға болады деді.
Көтеріліс басшылары мен белсенділері әр өңірде көзге түсті. Торғайда көтерілісшелердің сардарбегі 43 жасар А.Иманов, Жетісуда 73 жасар Б.Әшекеев, Меркіде 20 жастан енді ғана асқан Т.Рысқұлов есімдері құрметпен ауызға алынды. Ырғыз көтерілісін бүгіндері ұмытылған Әжіке Қаражанов, Айжарқын Қанаев, Әймамбет Шобанов басқарады.
Көтеріліс қаһармандары ішінде ең әйгілісі әрі кешенді ұлықталғаны – Амангелді Иманов. Батырдың бейнесі әдеби шығармаларда, ғылыми еңбектерде, көркем өнерде, оқулықтарда, көшелер мен елді мекендер атауларында сомдалған. Қазақстанда оны білмейтін жан жоқ.
Биыл батырдың туғанына 150 жыл толды. Қанша зерттелді десек те, өмірі мен тағдырында ақтаңдақтар баршылық. Солардың ең күрделісі – ажалы кімнен болғаны. Идеологиялық өктемдік пен өлшем өрлеп тұрған тоталитаризм тұсында тұлғаның атылуына қатысы барлар ретінде М.Дулатов, А.Кенжин, М. Испулов сынды алашордашылар аталды. Ескі жараның аузын тырнай бергеннен енді түк шықпайды. Менің ойымша, ҚР Президенті архиві қорында сақталып қалған М.Дулатовтың мына сөзіне мән бергеніміз жөн: «…командир одного красного отряда Таран и Тургайский военком Амангельды Иманов, – депті ол, – были расстреляны сотрудником военсовета Макатовым Раимбеком. Хотя военсовет приговора о расстреле Тарана и Иманова не выносил, но ответственности берет на себя».
М.Дулатов халық батырын атқандар ішінде түрік азаматы Хидоят бар дейді. КСРО ыдырағаннан кейінгі Ресей тарихнамасында 1916 жылғы көтерілістің бұрқ ете қалуына ағылшын, неміс, түрік тыңшылары мен арандатушылары айтарлықтай себепкер болды деген тезиске екпін беруде (Қараңыз: Восстание 1916 года в Туркестане: документальные свидетельства общей трагедии: сб. док. материалов. – М.: Марджани, 2016. – 468 с.; Восстания 1916 г. в Азиатской России: неизвестное об известном. Коллективная монография. – М.: Русский импульс, 2017. – 528 с.). Жоққа шығармаймыз, бірақ басты себеп ресейлік отарлық саясат пен практикада жатқаны күмәнсіз. Бұл ойды осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1926 жылы Жетісудың серкесі О.Жандосов та айтқан еді.
Иә, азаматтық теке-тірестен ешқашан оң нәтиже шыққан емес. Бұдан да маңыздысы – көтеріліс барысында рулық-тайпалық қарым-қатынас пен ұйымдасудың сақталғаны. Айталық, 1 қараша күні Торғай қаласына шабуыл жасалғанда әскери-соғыс тәсілінен бұрын рулық құрылымға басымдық берілді. Естеліктерде қалаға екі бөлініп кіргені, қыпшақ тайпасы күншығыс көше жағынан, ал арғын тайпасы күнбатыстан кіргені айтылады. Адам шығыны туралы мәліметтерде де рулық-тайпалық белгі алға тартылады. Ханзада Қайралапов, Кәкімжан Сегізбаев есімді көтерілісшілер Амангелді өзі басқарған 6 болыс қыпшақтан құралған сарбазды таратпай ұстап, неше рет патша әскерімен соғысып, жеңіс бермей, ақырында соғыс қара жұмысына кісі бермей қалғанын қаһарлы 1916 жылдың қорытындысындай бағалауы қоғамдық сана мен пікірден хабар береді.
Әрине, ғасыр басындағы осынау деректерден біз трайбализим үрдісін көрмеуіміз керек. Ол – ұлттың өзін-өзі тануындағы тарихи-объективті әрі өтпелі сатысы. Ұлттың ұйысуы осындай әлденеше сатыны артта қалдырумен жүзеге асады. Ал тәуелсіздік тұсында рушылдыққа жол беру сатқындықпен пара-пар.
Келесі іргелі мәселе – көтеріліске тартылған ықпалды күштерден кімнің дұрыс позиция ұстағаны. Қысқасынан қайырсақ, көтерілістің географиялық ауқымы ғана емес, әлеуметтік базасы да өте кең еді. М.Дулатов жазғандай, бұрын ел атынан ақсақал атқамінерлер жүретін болса, бұл жолы тайлы-тұяғы қалмастан барша жұрт көтерілді. Ауылдағылар да, қаладағылар да үдерістен тыс қалмады. Тағдыранықтағыш сәтте жалаң қылышпен, шиті мылтықпен мұздай қаруланған патша әскеріне қарсы шапқан А.Имановтың ұстанымы дұрыс па, жоқ әлде халыққа басу айтқан, сақтыққа шақырған Алаш басшыларының ұстанымы дұрыс па?
Мезеттік тұрғыдан келгенде А.Иманов, Б.Әшекеев, Әбдіғапар хан жау жағадан, бөрі етектен алған сәтте халқына пана, қорған бола алды. Соғысты сылтауратқан отарлаушылар, жергілікті сатраптары, қарын мен құлқынның құлдары қорғансыздың күнін кешіп жатқан қазақтарды әбден ашындырған еді. Онсыз да тұтанайын деп тұрған жанғыш материалға 25 маусым жарлығы отқа май құйғандай әсер етті. Заманында құлдар да, басы байлы шаруалар да әділетсіздікке қарсы шыққан ғой. Бұлардың қасында аяусыз қанауды, ымырасыз таптық қайшылықты басынан өткермеген қазақтар нағыз ақсүйектер іспетті емес пе еді. Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына ашуланды. Демек, сын сағатында ардагер Амангелді перзенттік борышын мүлтіксіз орындады, халқын сақтау жолында қанын да, жанын да қиды. Оның өнегесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мұра әрі ұран.
Ал алаштықтар ұстанымына келсек, оның мәнін А.Байтұрсынұлы: «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» деумен жалғыз ауыз сөзге сыйғызған. Ұлт-азаттық қозғалысының интеллектуалды лидерлері жаһандық соғыстың адамзатқа төндірген апат қаупін тереңінен түсінді. Оның барысы мен зардаптарын «Қазақ» газеті бетінде үзбей жазып тұрды. Заманауи соғысқа зәредей даярлығы жоқ туған халқы қай тұрғыдан араласса да ауыр зардап шегетінін ашық айтты, соған қоса екі міндетті шешуді көздеді: бірі – патша жарлығын қолдағансып Ресей билігінің ұлттық саясатын жұмсарту, екіншісі қазақтарды апатқа ұрындырмау. Мұндай пайым-тұжырымның әлеуметтік негізі бар-тын. Жер-жерлерден ауыл тұрғындары тылдағы қара жұмысқа баруға құлшыныс білдіргені былай тұрсын, биліктен алдыңғы шепке, соғысқа жіберуін өтініп жатты.
Қысқасы, Алаш халқымен бірге болды. Ол болашақты болжаудың, сын-қатерден аман-сау өтудің жолын тапты. Қиыншылықтар мен түсінбеушіліктер де аз болған жоқ. Қазақ қоғамы мейлінше жіктелгені түрлі басқосуларда, жиындарда анық байқалды. Дей тұрғанмен, 1916 жылғы оқиғалардың басты сабағы – мемлекетсіз халық қорғансыз халық екенін қапысыз көрсеткені. Патшаның жазалаушы әскері қазақ ауылдарын қанға бөктірді. Босқындар ақтабан шұбырындыға ұшырады. Мәселенің шешімін халық айна-қатесіз тапты. Ру-тайпа хандары сайлана бастады. Басқаша айтқанда қоғамдық санада ХV ғасырдан мәлім ұлттық мемлекет тәжірибесі өлмеген екен. Төменнен басталған саяси серпіліс 1917 жылы Алаш автономиясы идеясын күн тәртібіне қоюмен көмкерілді. Әлсіз әрі жүйеленбеген деңгейде қалса да мемлекетшіл сана көтеріліс басшыларының бәріне тән еді. Бүгіндері Әбдіғапар Жанбосынұлы қазақтың соңғы ханы деушілер бар. Үлкен қателік. 1916 жылдың күзінде Ырғыз аймағындағы 3 болыс та өз алдына хан сайлап алған екен. Ешбір тоериялық, методологиялық, практикалық дәйектемесі жоқ ондаған, мүмкін, жүздеген хандықты мемлекет ретінде танысақ дұшпанға таба боламыз. Бұл бір. Екіншіден, мемлекеті сансыз көп халықта қандай болашақ болмақ?
Мемлекет – сакралды ұғым. Оны қалай болса солай түсіндіруге, түсінуге, идеалға айналдыруға қажеттілік жоқ. Бұл орайда, ғалымдарымыз үлкен жауапкершілікті сезінуі керек.
Амангелді Иманов тағдырындағы жұлдызды сәт 1916 жылы туды. Есімі мен ісі ұлы далаға кеңінен таралды. Ұлттық тарихнамада тұлғаның жеңісті жолы кеңінен ұлықталған, кезінде большевиктер халықтар достығына нұқсан келтіреді деп түсінгендіктен көлеңкелі тұстары айтыла бермеді. Әңгіме қазақ-орыс қатынастарының асқынғаны, ресми Петербургтің бейбіт халыққа қарсы қолданған қуғын-сүргіні туралы болып отыр. Көтерілістің 10-шы жылдығына орай М.Дулатов «Еңбекші қазақ» бетінде «1916 жыл» атты мақаласын жариялаған екен. Мақала соңында Кенесары-Наурызбай көтерілісі мен 1916 жылғы көтеріліс халық ауыз әдебиетінде көрініс тапқаны сөз болып, төмендегі өлең жолдары берілген
Әмірбек пен Мырзабек,
Жағыпардай асылдай,
Шынжыр қатар нәсілде,
Көрсеткен күші, мысалы,
Кенесары – Қасымдай,
Қараған заман соңында,
Александр патшаға,
Кім күш қылды осындай!
Сайланған сары әскермен,
Жағаласты шошынбай.
«Міне, осылайша, – депті Жақаң, – «Сайланған сары әскер» қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді?!».
Демек, бұдан шығатын қорытынды біреу: ұлы даладағы қуғын-сүргін тарихы патшалық тұсында-ақ басталып кеткен. Біз әзірге ХХ ғасырдың 20-50 жылдарынан, сталинизмнің қылмысынан әріге аса алмай жатырмыз. Зорлық пен қиянаттың хронологиясын 1731 жылдан 1991 жылға дейін кеңейтпей, Отан тарихын ақтаңдақтардан арылта алмаймыз.
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқы мен тұлғаларының тағдырындағы және тарихындағы, есеюі мен кемелденуіндегі бетбұрысты құбылыс. Ол «Оян, қазақ!» ұлттық идеямыздың салтанат құрған сәті. Бұдан былай да төл мемлекетімізді құру ұлы мақсат пен түп көздегенімізге айналды. 1917 жылы Алашорда үкіметі жасақталды, 1920 жылы Қазақ Автономиясы шаңырақ көтерді. Ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқы, мың өліп, мың тірілген қазақ 1001-ші рет өлмейтін жолға түсті.
Х.М. Әбжанов,
ҰҒА академигі. Алматы қ.