Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын былайша хабарлайды.
Тәртіп сақшылары Алматы-Екатеринбург тасжолында Қарабалық ауданы Приуральск кентінің аумағында габариттік шамдарын қоспай келе жатқан “УАЗ” маркалы автокөлігін байқаған. Бұл жағдайда жүргізушінің мінез-құлқы полиция қызметкерлеріне күдікті болып көрінді.
Полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына жауап бермеген жүргізуші рульді басқара алмай, кюветке шығып кеткен. Қашпақ болып, ол тәртіп сақшыларына бірнеше рет қарумен оқ атқан. Көлігін сол жерге тастап, оқиға орнынан қаруды өзімен бірге алып қашып кетеді.
Аудан аумағында “Сирена” жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтеріледі. Арнайы бөлімшенің қатысуымен өткен іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 380-1-бабы “Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу” бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ.
Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді.
Сол күні қылмыскер күдікті деп танылып, Қарабалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.Полицейлер ұсталған адам бұрын тәртіп сақшыларының көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын ескермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ведомствода тұрғындарға полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау фактілері үшін әкімшілік және қылмыстық жаза туралы еске салады.