Полицейлер 62 жастағы әйелді іздеп табуға көмектесті

Полицейлер 62 жастағы әйелді іздеп табуға көмектесті

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша ол кешке үйінен шығып, із-түссіз кеткен. Бұл туралы Қостанай аудандық полиция бөліміне оның жоғалып кеткенін анықтаған туыстарынан хабарлама келеді. Учаскелік полиция инспекторы Глеб Лобазов ақпарат алғаннан кейін дереу жедел іздестіру шараларын жүргізуге кіріседі.

– Мен әкімшілік учаскеде үш жыл жұмыс істедім, аумақты жақсы білемін. Патрульдік полицияның барлық экипажына әйелдің белгілері хабарланды. Іздестіру шаралары бірден басталды, – дейді Глеб Лобазов.

Қазір күн суық. Сондықтан іздестіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Келесі күні таңертең учаскелік полиция қызметкері аумақты қайтадан айналып өту барысында жолдардың бірінде жоғалған әйелді тапты.

Әйелдің туыстары тәртіп сақшыларына іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Жаңалықтармен бөлісу