Алтынсарин ауданының үш өкілі Қостанай облысының аймақтық кадрлық резервіне енді.
Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет әр өңірде талантты жастар арасынан жас басқарушылардың пулын қалыптастыруға бағытталған аймақтық кадрлық резервтерге іріктеу өткізілді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың аймақтық кадрлық резервтеріне іріктеу Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп ұйымдастыруымен 2024 жылдың ақпан және тамыз айларының аралығында өтті.
Әлеуметтік және экономикалық салалардағы үздіксіз өзгерістер жағдайында бейімделуге және жаңашылдықты енгізуге дайын адамдар әрдайым қажет. Аймақтық билік үшін кадрлар резервін құру басқарудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұндай тәсіл білікті әрі дайындалған кадрларды шұғыл түрде тартуға мүмкіндік береді.
Қостанай облысында іріктеу процесі көптеген талантты үміткерлерді қызықтырды, облыс бойынша жоба сайтына 491 адам тіркелді, олардың 323-і қатысуға жіберілді. Іріктеудің бес кезеңінің қорытындысы бойынша Қостанай облысының кадрлық резервіне 30 адам қабылданды. Олардың қатарында Алтынсарин ауданының үш өкілі бар – аудан әкімі аппаратының басшысы Дамир Қабиев, аудан әкімінің аппаратының бас инспекторы Мейрам Сауытпаев және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Вероника Петухова.
Алтынсарин ауданы өкілдерінің аймақтық кадрлық резервке енуі олардың кәсібилігі, құзыреттілігі және облыстың игілігі үшін жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді.
Жақында аймақтық кадрлық резерв мүшелерімен кездесуде облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың мемлекет игілігі үшін жұмыс істей алатын жас әрі жігерлі мамандарға мұқтаж екенін атап өтті. Өз сөзінде әкім патриот және білікті жастарды қалыптастырудың маңызды екеніне тоқталды, олар облыстың дамуына үлес қоса алады. Мемлекет жастардың бастамаларын үнемі қолдап, білім алу және тұрғын үй мәселелерін шешу үшін түрлі бағдарламалар мен гранттар ұсынып отырғанын тілге тиек етті.
Кұмар Ақсақалов «Болашақ» бағдарламасы аясында жастардың шетелде беделді білім алуға болатынын еске салып, шетелдік университеттермен серіктестік арқылы ашылған жаңа мүмкіндіктерді таныстырды. Жастарды қолдауда маңызды қадам ретінде «Қостанай жастары» өңірлік бағдарламасының әзірленгенін айтты, соның арқасында көптеген жас отбасы баспана мәселесін шешті.
«Біздің облысымызға мемлекеттік игілік үшін жұмыс істей алатын жас әрі күш-жігері мол мамандар қажет», – деді ол.
Іріктеуден өткен жастар елдің келешегі үшін аянбай еңбек етуге әзір. Олар қай салада да қарым-қабілетін көрсетуге күш салары сөзсіз, өйткені артылған сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік.
«Біз мемлекеттік қызметте ширығып қалдық. Мемлекет саясатының маңызды тұстарын ұғынып, оны одан әрі ілгерілетуге барымызды саламыз. Еңбек еткен адам жемісін көретіні белгілі. Нәтижелі жұмыс істегім келеді», – дейді Дамир Қабиев.
Жас резервистерге алдағы қызметіне тілектеспіз.
Асыл ҚАСЫМ
Алтынсарин ауданы