Осыдан екі жыл бұрын Қостанайда «Отбасы. Help» фронт-кеңесі ашылған болатын. Бұл жобаның мақсаты өзекті. Ашылғаннан бері мұндағылар әрбір отбасын сақтап қалуға, ерлі-зайыптыларды татуластырып, жарастырып жіберуге күш салуда. Былтырдың өзінде сегіз жүздей отбасын сақтап қалды. Жоба авторы – ҚР Құрметті заңгері Несібелі Бәсенова ажырасудың астарында түрлі әлеуметтік мәселенің жатқанын айтады.
«840 шаңырақты сақтап қалдық»
– Сіздің тәжірибеңіз басқа өңірлерге үлгі болып жатқанын білеміз. Идея қалай келді?
– Біз құрылған жылы 290 отбасы жобаға қатысып, оның 20-30 пайызын сақтап қалуға тырыстық. Былтыр біздің жоба өте жақсы жұмыс істеді. Бізге бірнеше отбасы өз мәселелерімен келді. Олардың арасында сот арқылы және сотқа дейін келгендер де болды. Біздің жарнамамыз облыс орталығында ілулі тұр. Соны көріп-біліп 47 отбасы келді. Өткен жылы 840 шаңырақты сақтап қалдық.
Мен сот саласында ұзақ жыл еңбек етіп келемін. Оның ішінде балалар құқығын қорғау, алимент өндіру істерін көп қарадым. Ақтөбе қаласында еңбек еткен тұста алимент өндіру бөлімінің басшысы да болдым. Одан бөлек, Астана қаласында осы салада еңбек еттім. Жұмыс тәжірибемді саралай отырып, алимент өндіру мәселесі өте күрделі екеніне көзім жетті. Бұл мәселе өте өзекті болғандықтан, оның алдын алу ойыма келді. Ол үшін не істеу қажет? Бастысы, ажырастыруға жол бермеу керек. Көп толғанып, былтыр праймеризге қатыстым. 2019 жылы Қостанай қалалық сотымен бірлесіп, сот орындаушыларының ісіне наразылық білдірген талапкерлерді татуластыру мақсатымен жоба әзірледім. Сол жоба ұтымды болды. Бүкіл Қостанай емес, басқа да өңірлерге тәжірибе ретінде таралды. Сол жобада 1-2 отбасы сот орындаушыларының іс-әрекетіне наразылық танытып келген. Сот орындаушыларының алимент өндіру кезінде соманы, қарызды дұрыс есептемейді деген талаптар болды. Бұл мәселені сол жерде қарап, 1-2 отбасын татуластырдық. Мұнан кейін осы отбасыларды жарастыру үшін аталмыш жобаны бөлек алып шықтым. 2021 жылы ақпан айында тұсауы кесіліп, жобаны ресми түрде тіркеп, әлеуметтік желіде парақша ашып, сол уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Өздеріңіз білесіз, осы жұмыстың нәтижесінде қатысушылар арасында ең үздік деп танылып, жақында Президенттің қолынан марапат алдым.
«Жұптардың барлығы бір үмітпен келеді»
– Қостанай облысы солтүстік аймақтар арасында ажырасудан көш басында тұр. Қостанай қаласында бір жылдың ішінде 1700-1800 шаңырақ ортасына түседі екен.
– Менің маман ретінде пікірім, қазір отбасылық терапия деген Қостанайда брендке айналған секілді. Негізі мені Несібелі Бәсенова айтсаңыз көбі «Отбасы хелптың» басшысы ғой дейтін көрінеді. Ол жақсы. Себебі халық таниды. Енді 800 адам деген бірталай ғой. Олар жүрген жерде айтып отырады, осындай маманға барып, бізге көмектесті деген секілді. Бірінен-бірі естиді. Қазір кейбір мемлекеттік қызметтегі басшылар «менің қызметкерім бар, отбасы дұрыс болмай жүр. Сіз көмектесе аласыз ба?» деп хабарласып жатады. Тіпті керек десеңіз, демалыс күндері де жұмыс істеймін. Сондай адамдарды қабылдаймын. Менің түйгенім, бұл жерде ең басты мәселе, жас жұбайлардың отбасын құруға дайын болмауы. Бұл, бірінші. Екіншіден, әсіресе, қазақ отбасыларында той жасағанда ақшаларын шашып, керемет қылып өткізеді. Ал сол жас жұбайлардың шаңырағында ыдыс-аяқ сылдырлаған кезде, сол тойда болған апа-әкелердің біреуі де көрінбейді. Оған қоса, қазіргі жастар көбіне ата-ананың ақыл-кеңестерін тыңдағысы да келмейді. Осы тұста мен сияқты тәжірибесі мол, заңды да білетін мамандар көмекке келу керек деп есептеймін. Себебі, олар менің алдыма келген бүкіл мәселесін, сырын, ойын, ренішін бүкпесіз айтады. Кейде бір-бірін енді ұғынысқандай болып та жатады.
Қазір Қостанай қалалық сотымен бірге біздің кеңсеге келіп жүргеннен кейін жақында екі отбасына қосымша 20 күндей ұзартуды сұрадым. Себебі, әлеуметтік мәселе екі күнде шешілмейді. Екіншіден, мен осы жұптарға үй, жұмыс тауып беруге тырысамын. Олардың бір-біріне деген сезімі қаншалықты қымбат, соны білу үшін. Бір жақсысы, екі жақ та қарсыласпайды. Бір ұнайтыны, келген жұптардың барлығы бір үмітпен келеді.
Кеше ғана жекеме бір қыз бала «мен әлі сотқа арыз бермедім. Арыз бермес бұрын мен сізге келгенді жөн көріп отырмын» деп жазыпты. Оны келесі аптаға жазып қойдық. Енді ажырасу мәселесін айта берсең, таусылмайды. Мұның артында отбасының, баланың тағдыры тұр. Себептері де сан алуан.
«Бәріне кінәлі – әлеуметтік желі»
– Осы мәселенің ортасында жүрсіз, қандай ой түйдіңіз?
– Сұқбаттың басында айтып кеткендей, әлеуметтік желі, қалта телефонында шұқшиып көп отыру мәселесі туындап отыр. Отбасы болған соң бір-біріне деген уақыт табу керек. Әлеуметтік желіде отырады, біреумен танысады деген сияқты. Содан отбасында кикілжің туады. Кеше ғана осындай мәселемен бір отбасы келді. Екеуі бір-біріне қырсығып, сондайға барған. Сот арқылы қосымша мерзім берілді. Сегіз жыл бірге тұрған, араларында бір баласы екен. Бірақ, екеуінің ұлты бөлек. Осы тұста, ұлттың бөлек болуы шешуі қиын мәселе болып келеді. Өзіміздің қаракөздерді сақтап қалу оңай. Сөзге тоқтайды. Өзге ұлт, аралас некедегілермен жұмыс істеу қиындау. Бірақ, қолдан келгенше тырысып жатамыз. Кейде өмірден алынған жайттарды баяндап берген кезде ер азаматтар көз жастарына ерік беріп алады. Мұндайда қолымнан бір нәрсе келсе деп ойлаймын. Сөзіміз жүректеріне жетіп отыр ғой. Мүмкін олар бұл сөздерді ақылшы жанашырларынан естігісі келген шығар.
Алдыма келген отбасылардың көбінің материалдық жағдайы жақсы. Бастарында баспана, астарында көліктері бар. Қызметтері бар, өздерін асырап отырған отбасылар. Тек бір өкініштісі, бір-біріне деген сыйластықтың, сезімнің жоғалғаны. Ең қиыны сол. Бір ғана мысал, олар татуласып кеткеннен кейін де қолдау қажет болып жатады. Ондайда біздің тарап көмекке келуге әрқашан әзір.
«Отбасы психологы әлі де тапшы»
– Былтыр бір сұқбатыңызда психолог маманы тапшы деген едіңіз, бұл сұрақ шешімін тапты ма?
– Қостанай қаласында отбасы психологы өте аз. Дер кезінде кеңес алуға кесте толық. Кейде психолог орнын өзіміз толтырып жатамыз. Себебі, өмірлік тәжірибем де, жұмыс тәжірибем де жеткілікті. Жалпы өзім психология мамандығын оқып жатырмын. Қасымдағы психологтар көмектесіп, 10-15 отбасыны қабылдады. Бірақ мен оларды да түсінемін, олардың ешқандай кінәсы жоқ, кейін менен ақша сұрай бастады. Ал сіз өзіңіз білесіз,
менде қаржыландыру жоқ. Бұл менің өзімнің жеке қаражатыма ашылған. Сондықтан, оларға ақша төлейтін жағдай жоқ. Отбасыларға ондайды жүктей алмаймын. Мен психолог мамандығының бірінші тоқсанын жақсы аяқтап, екінші семестрінде оқып жүрмін. Келесі жылы диплом аламын. Жалпы классификациям болған кезде, бұл жерде психолог маман ретінде жан-жақты кеңес беретін боламын. Оған менің тәжірибем де, білімім де жетеді.
– Ақтарылып айтқан әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Шұға ҚОҢҚАБАЙ
«2007 жыл Қостанайда бас-аяғы алимент жөнінде 10 мың ғана іс болатын. Ал, 2021 жылы он сегіз мың іс қаралды. Жыл сайын 500-600 іс үсті-үстіне қосылып жатыр деген сөз.