Отбасы құндылығы: Ажырасуға себеп те, салдар да көп

Отбасы құндылығы: Ажырасуға себеп те, салдар да көп

Бүгінде тағы бір алаңдатарлық жайт – жас отбасылардың ажырасу статистикасының өсіп келе жатқаны. Мәселен, жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді. Демек, ажырасу үлесі 34,4 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, ерлер арасындағы ажырасудың  жас аралығы 30-34 жасты құраса, әйелдер үшін – 25-29 және 30-34 жас аралығы. Некелескендер әдетте 5-9 және 20 жыл өткен соң ажырасады.

Жалпы ажырасуға дейінгі некенің орташа ұзақтығы тоғыз жылды құрайды.

«Отбасы help» фронт-кеңсесінің авторы, қоғам белсендісі Несібелі Бәсенова ажырасудың себебі, еліміздегі отбасылық саясаттың әлі де жеткіліксіз насихатталуы мен жастардың психологиялық жағынан ересек өмірге дайын болмауынан деп есептейді.

«Жауапкершілік, тағы да жауапкершілік…»

– Жалпы менің қолға алған жобамның өзегі де осы болатын. Облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша жоғары сынып оқушыларымен, студент жастармен кездестім. Осы мәселенің ортасында жүргеннен болар, таңдау маған түсті. Көп жылдық тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, жастар көп жағдайда отбасылық өмірді дайындықсыз бастайды. Сосын бір жыл өтпей жатып жігіттер жағы: «Мен отбасылық өмірге дайын емес екенмін, сауық құрып болмаппын. Әйелім мен анамның ұрысынан шаршадым», – десе, қыздар жағы: «Басында бәрі жақсы сияқты еді, бір-бірімізді сүйіп қалдық, артынан күйеуім мені түсінбейді», – деп күйзеліске түскен күйі келеді. Бұл менің алдыма келушілердің ең жиі айтатын сөзі. Демек, жастар көп жағдайда қарапайым базалық сауатын арттырмай, әлеуметтік жағдайын түземестен, ерте жастан отау құрады. Қазір заман басқа, құндылықтар өзгерді, өмір сүру деңгейін де өткен кезеңмен салыстыруға келмейді. Отбасын құруды жастар 25 жастан кейін ойланулары керек шығар және отбасын құрар алдында: «Мен ересек өмірге, ана болуға, әке болуға дайынмын ба?» деген сұраққа жауап беру керек.

«Тәрбиенің басы – балабақшадан, мектептен»

– Қазір білім саласында оқу басталғалы көп мәселелер туындап жатыр. Ата-аналар өзінен балаларына қысым жасайды. Жалпы, бала дегенмен, оның да өз құқығы бар азаматтар ғой. Сондықтан кішкентай күнінен қиындықтарға үйретіп, отбасы болғанда дұрыс шешім тауып шығатындай қылып дайындау керек. Бізде «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген түсінік бар. Сондықтан бала жастан көңіл аудару керек. Көңіл аударылмағандықтан, неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Мектеп және ата-аналар, мұғалімдер арасында болсын. Қоғамда шыққан айқай-шу, түбі отбасынан шығады.

Отбасы құндылығын нығайту үшін балабақша, мектептен дайындау керек. Қазір жастар арасында көп жүремін. Сонда көбісі отбасы құрғым келмейді деп жауапкершіліктен қашады. Бірақ, адам өміріндегі ең маңызды – отбасы. Соны түсінуіміз керек. Отбасы толық емес адам ешқашан бақытты бола алмайды. Ол психологияда да дәлелденген. Биыл қаншама мектеп, жоғары оқу орындарын араладым. Отбасы құндылықтары туралы айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Бәрінің санасына құйып тастамаған шығармын. Бірақ, соның ішінде біреуі өз қажетіне жаратады деп ойлаймын. Бұл жерде әлеуметтік желі, БАҚ рөлі де айырықша. Сіз болып, біз болып, насихаттасақ, бір пайдамыздың тигені болар.

Мен тамырын тереңге жайған, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатқан қостанайлық керемет отбасыларды білемін. Немере-шөбере сүйіп отырған ата-әжелері бар. Сондай отбасыларды көп насихаттауымыз керек. Олардың отбасы құндылықтарын жақсы жағынан дәріптеуіміз керек сияқты.

«Ата-ананың өзі үлгі болуы керек»

– Отбасылық өмір деген «жүре көремін, бейімделіп кетемін» дейтін оңалту орталығы емес қой. Жастар оның үлкен жауапкершілік екенін сезінуі тиіс. 18-21 жастағы қыздар бала босанғаннан кейін жиі күйзеліске түсіп, көмек сұрап келеді. Өйткені әлі жас, кішкентай баласының өмірі үшін жауапкершілік алуға психологиялық тұрғыдан дайын болмаған. Психолог маманға жүгінетіндердің 80% қыздар, ерлер сирек келеді. Олардың оқиғасын тыңдап отырсаң, бір-біріне ұқсас. Одан бөлек, дәстүрлі отбасында тәрбиеленген қыз-жігіттердің көбінің өміріне туыстары белсене араласады. Туған-туыс, апа-қарындасына дейін жас отбасының жеке шекарасына баса-көктеп кіріп алған. Үлкендер жастарды отау құруға асықтырмас бұрын, өздері үлгілі отбасы болуы керек. Себебі, бәрі балалық шақтан басталады. Баланың ата-анасының өмір сүру моделі қандай болса, бала да есейгенде тура сол отбасы моделін ұстанады. Сондықтан жастар жақсы отбасын құруы үшін олардың ата-аналары қазіргі өмірін дұрыс сүріп, үлгі бола білуі керек. Осының салдарынан жастар жиі зардап шегеді. Отбасындағы кикілжіңдерге енесінің ұлын қызғануы, меншіктеп алуы, келінін бөтен көруі жиі себеп болып отыр. Мұның бәрі сол адамдардың психологиялық қайшылығынан туындап отырған проблемалар. Сол себепті, жастардың ерте бастан психологиялық сауаттылығын арттырған дұрыс.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу