30 июня, 2025
Отбасы институты өзгеріске ұшырады: мамандар дабыл қағуда

Отбасы институты өзгеріске ұшырады: мамандар дабыл қағуда

Қоғамда отбасы институтының маңызы зор екені белгілі. Алайда қазіргі уақытта бұл құрылымда елеулі өзгерістер байқалуда.

Мамандардың айтуынша, азаматтық неке жиілеп, ажырасу деректері көбейіп келеді. Қостанай облысында бір ай ішінде 100 отбасы сотқа некені бұзу туралы өтініш берсе, олардың 80 пайызының одағы ресми түрде тоқтатылған.

Тағы бір өзекті мәселе — алимент төлеуден жалтару. Қазіргі таңда облыс бойынша 17 мыңнан астам азамат балаларына қаржылық қолдау көрсетуден жалтарып жүр.

Облыста отбасы институтын нығайту, жас отбасыларды қолдау бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Соған қарамастан, статистика көңіл көншітпейді. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 990 неке тіркелсе, олардың 321-і ажырасып үлгерген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1062 болған.

– Жалпы алғанда, облысымызда ажырасу деректері азайып жатыр деп айту қиын. Биыл тіркелген 990 некенің 321-і бұзылған. Бұл көрсеткіш — қоғам үшін алаңдатарлық белгі, – дейді Қостанай облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Азамат Сұлтанов.

Алимент мәселесі де назардан тыс емес. Құзырлы органдар бұл бағытта нақты шаралар қабылдап жатыр.

– Биыл 17 мыңға жуық алимент өндірісі бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда 16 мыңнан астам іс орындалу үстінде. Жалпы қарыз сомасы 1,6 миллиард теңгеге жуық. Оның 40 пайызы өндірілді. Сонымен қатар, 14 жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 42 борышкер жұмысқа орналастырылды, – дейді Әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Алшымбаева.

Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өңірде «Жастар ортасында отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға, жас отбасыларды қолдауға бағытталған іс-шаралар кешені» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында жас отбасы мектебі жұмыс істейді. Бұл мектепте психолог мамандар тарапынан тренингтер өткізіліп, қатысушылар ер мен әйел психологиясы, жанжал жағдайларын шешу, дағдарысты еңсеру және махаббатты сақтау сынды тақырыптарда білім алады.

 

Айбол ӨМІРТАЙ,

ҚӨУ 4 курс журналистика мамандығының студенті