Оқу орын ұжымы белгілі ұстазды еске алды 

Оқу орын ұжымы белгілі ұстазды еске алды 

Тобыл-Торғай өңіріне белгілі ұстаз, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Қалимаш Әбдіқалықованың жаратылыстану ғылымдарына қосқан үлесі ұшан теңіз.

– Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы, –

деп жалғасатын ақын Ғафу Қайырбековтің  ұстазға арналған жыры осы кісіге арналғандай.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтындағы жұмысын аға лаборант қызметінен бастаған маманның ғылымдағы жолы оқытушылық қызметке ауысқанынан басталды. Жас оқытушыға осының алдындағы облыстық геология басқармасының орталық лабораториясында алған  талдау жүргізу тәжірибесі көмектесті.

Ғылыми жұмыс жүргізу арқылы кәсіби біліктілікті неғұрлым жоғары деңгейге көтеру қажет болды. Осы еңбегі бағаланып, Қалимаш Ахатқызына С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің арнайы кеңесінде «Биоорганикалық химия, табиғи қосылыстар химиясы» мамандығы бойынша доцент-ғылыми атағы берілді. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің академиялық профессоры атанды.

2012 жылдан жаратылыстану кафедрасының доценті,

2017 жылдан жаратылыстану кафедрасының профессоры болды.

Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ қара шаңырағындағы ғалымды еске алу кешінде кеңінен әңгімеленді.

“Қалимаш Ахатқызы ғылымға қосқан елеулі еңбегінің арқасында біздің кафедраны көпке үлгі ретінде танытты. Зерттеу жұмыстарында ұжымымыз оқу орындарының алдыңғы қатарда жүрді. Ұжымымыз мұғалімдердің білімін жетілдіру институты мен қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс жасады. Ғылыми жұмыстарына жетекшілік көрсетіп, ғылыми мақалалар дайындалды. Кафедраның және басқа да оқу орындарының химия ғылымы бойынша әзірленген шығармашылық жұмыстарына сын-пікір беріп отырды.Ол кісінің жетекшілігімен 82 басылым жұмыстары, 6 оқу құралы жарық көрді. Әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларда әділ қазылар алқасына жетекшілік жасап келді”, – деді әріптесі Гүлжан Таурбаева.

Бір жылы Республикалық пәндік олимпиадаға студенттер таңдау жұмысында үлкен көрегендік танытқанын есіне алды.

“Оқуға түскен студенттердің әрқайсысын зерттей отырып, Мадияр деген балаға ерекше назары ауды. “Осы студентті жіберу керек”, – деді өзіне сенімді түрде. Ол студенттің химиялық есептерді шығару қабілеті жоғары екені бірден байқалатынын айтты. Қалимаш Ахатқызының осы айтқаны дәл келді. Біздің екі студентпен бірге бірінші орынмен оралды. Осылайша, келесі оқу жылында Республикалық олимпиадасын Қостанай педагогикалық институтында өткізу құқығына ие болдық”, – Химия ғылымдарының кандидаты,

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлжан Ормантайқызы.

Кейін бұл еңбегі бағаланып, Химия және биология мұғалімдерінің 1 съезіне делегат болып қатысты. Бірнеше жыл жаратылыстану факультетінің деканы қызметін атқарды.

“Осыдан тура жиырма жыл бұрын оқу орнымыз педагогикалық институт болып, университеттен бөлініп шыққан кезде қызмет етуге Алматыдан үш адам келдік. Оның бірі қазіргі Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев осы білім ордасына жетекшілік жасады. Сол кезде Қалимаш Ахатқызы факультет деканы. Ол кісінің ерекшелігі, қандай қызмет берсең де жанын салып істейтіні. Кез келген студентке жаны ашып тұрушы еді. Бір жылы жатақханадан студенттер топ-тобымен кете бастады. Дегенмен, бұл тегін емес, шикілік бар деп ойладық. Барлық декандар келіп, уәждерін айтты. Кейін сұрап білсек, дене шынықтыру факультетінде оқитын студент балаларды ұрып, ақша алады екен. Сосын әлгі баланы ұстап алып, жөнге салдық. Милицияны шақыртып, қалғандарын куәгерлікке тартайын десек, әлгілер ол отырған аудиторияға кіруге қорқады. Сонда Қалимаш Ахатқызы ана балалардың бәріне жаны ашып, студенттерін қорғап шықты. Қалған декандардың шеше алмаған мәселесін жымын білдірмей шешті де жіберді. Балалары да үлкен қызметтерде істеді. Біреуді үлгі тұтса, осындай кісіні үлгі тұту керек”, – деп еске алды университет ректорының кеңесшісі Тілеген Ахметов.

Иә, ол кісі кафедра қабырғасында келеңсіз оқиғалар орын алып қалса, алдымен ұрысып беретін, кейін ештеңе болмағандай: “сендер не бүлдіріп едіңдер”, – деп томсырая қалатын.

Оқиғаның себебі табылғанша, айыпты жан кешірім сұрап үлгеретін. Ол кісі әр студентінің жанына осылайша айтқызбай-ақ үңіле білетін. Сондай шәкірттерінің бірі, білім ордасындағы Смарт орталығының жетекшісі Вадим Чашков.

“Ол бізге білімнің негізін қалап берді. Тәжірибе жүзінде іске асырудың жолын үйретті. Біз ол білімді алып қана қоймай, қай жерде қолдану керектігін игердік. Химия ғылымы көп жерде қолданылады. Кез келген өндіріс орындарында, зерттханаларда, сот сараптама орталықтарында, медицинада алар орны ерекше деп көп айтатын. “Сіздер әр ортаға керек боласыңдар” деген өсиетін үкен құрылымдарда елеулі кісілердің алдында сөз сөйлегенде үнемі еске аламын”, – дейді Вадим Чашков.

Ұстазының өнегелі жолын жалғастырып, “Әр оқушының қабілетін саралап, бағалау педагог үшін бағалау парыз. Ол үшін әрқайсысына сүйіспеншілікпен қарау қажет” деп қалдырған өнегелі сөздерін жадында тоқып келе жатқан жанның бірі Құралай Жұмағұлова.

“Біз оқуға келгенде ең алғаш химия кафедрасы ашылды. Сонда Қалимаш Ахатқызы бес жыл куратор болды. Оқуға қатал қарайтын. Лабораторияға үнемі ақ халатымен келетін. Тәжірбе сабақ өткеннен кейін зерттеу нәтижелерінің жауаптарын қалтасына салып алып, біздің қаншалықты түсінгенімізді тексереді. Зерттеу жұмыстарымен айналысып, кешкі бес-алтыға дейін жүрген кездеріміз болды. “Қай зерттеу нәтижесі қай жерден алынғанын таба алмасаңдар үйлеріңе бармайсыңдар!” деп айтатын. Бұл сынақ менің еңбек жолыма көп пайдасын тигізді. Талай конференцияларға бірге бардық. Өскемендегі форумда да жолымыз бір болды”, – деп еске алды ұстазын Құралай Жұманқызы.

Иә, Қалимаш Ахатқызы ғылымда ғана емес, отбасында да көпке үлгі бола білді. Жары Ермекбай Қайыпұлымен бір ұл, бір қыз тәрбиеледі.

Алты немере екі шөбере сүйді. Балалары Еркебұлан кезінде ел басқарған азамат, бүгінде Астана қаласында жауапты қызметте. Қыздары Айна жеке кәсіпкер.  Жолдасы Ермекбай Қайыпұлы ұжымымыздың ардагері. Әулиекөл ауданының құрметті азаматы. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, журналистика саласында елу жылға жуық тер төккен.

Айбек Ғалымұлы

Жаңалықтармен бөлісу