Оқу курсында ірімшік жасаудың технологиясын үйретті

Оқу курсында ірімшік жасаудың технологиясын үйретті

Біріккен Ұлттар Ұйымы  әйелдер құрылымының қолдауымен 10-14 сәуір аралығында «Қатты ірімшік өндіру» технологиясы бағыты бойынша оқу курсы өткізілді. Бұл оқу курсына Қостанай облысының әр өңірінен 20-дан астам қыз-келіншектер қатысты.  Жалпы курс бизнес ашам дейтін әйелдер қауымы үшін өте зор мүмкіндік десек те болады. Өткізілген бес күндік мастер-класстың төртінші күні тәжірибе түрінде өтті. 

Осы шеберлік сыныбын Алматы қаласынан арнайы келген тренер Андрей Нагин өткізді. Андрей Нагин 20 жылдан астам  телекоммуникация саласында жұмыс істеді, бірақ бала кезінен ірімшікке деген сүйіспеншілігі мамандықты өзгертуге себепші болған. Андрейдің қолөнер өндірісінің үлгісін таңдағаны оны басқа ірімшік өндірістерінен ерекшелендіріп тұрады. Қарапайым ірімшіктермен қатар, ол эксклюзивті ескі сорттарды шығарады. Бір жыл ішінде компания жүзден астам өнім дайындайды. Ал оның жеке дүкенінде күн сайын өз өндірісінің 40-қа жуық өнім түрі ұсынылады.

Андрей Нагиннің пікірінше, табиғи ірімшіктерді өндіру бұл күнделікті инвестицияны қажет ететін ұзақ мерзімді және қауіпті бизнес. Бір килограмм ірімшік жасау үшін шамамен 10 литр сүт қажет. Сапалы  әрі табиғи сүт ірімшіктің жақсы болуының негізі. Оның майлылығы 4% құрайды. Қазіргі уақытта бұл ірімшіктер қоймада піседі, электр энергиясын тұтынады, технологиялар оларға уақыт жұмсайды. Сүт тасымалдаушылардың  да қазіргі күні өзіндік құны бар – қыста 12000 теңге, жазда 8000 теңге. Міне, осы жерден оның құны қосылады. Сондықтан да қазір ірімшіктің бағасы күн санап өсуде. Бұл мастер класста ірімшікті арнайы құрылғыларды қолданбай ақ үй жағдайында жасауға мүмкіндік беретін дайындау технологиялары жайында да сөз қозғалды. Тәжірибе барысында қыз-келіншектер өздеріне таңсық ірімшіктің жаңа түрлерімен танысып қана қоймай, оларды дайындау технологиясын да меңгерді. Тұрақты даму және  әйелдер  кәсіпкерлігін қолдау қорының курсты өткізудегі негізгі мақсаты- үй шаруасындағы қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке тарту. Ендігі кезекте бизнес бастаушылар немесе бизнесінің ауқымын үлкейтуді көздеп отырған әйелдер қауымы осы курстың, арнайы менторлардың берген қосымша білімі арқасында өз мақсаттарына жетеді деген ойдамыз дейді ұйымдастырушылар қауымы.

Былтырғы жылы елімізде «Бір ауыл – бір өнім» атты жобасы бастау алды. Жоба пилоттық режимде 4 облыста өтіп жатыр. Оның ішінде Қостанай облысы – ірімшік жасау бойынша жұмыстар жүргізуде.  Бұл өткізіліп отырған төртінші шеберлік сыныбы. Бұл бастама әлі де өз жалғасын табады деген үміттеміз.

Гүлім ҚАЖЫМ,

ҚӨУ-дің студенті.

Жаңалықтармен бөлісу