Үкімет отырысында Олжас Бектенов суық ауа райының басталуына байланысты құрылыс маусымының жақын арада аяқталуына өңір әкімдерінің назарын аударды.
Премьер-Министр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
“Барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының нормативтік талаптарының сақталуын да қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын да жандандыру қажет. Сондай-ақ қажетті медициналық жабдықтардың көлемін де айқындап алу керек”, — деді Үкімет басшысы.
Әкімдіктерге барлық жоспарланған нысандардың уақтылы әрі сапалы іске қосылуын қамтамасыз ету жөнінде, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктеріне қалған жобаларды қаржыландыру мәселесін шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөнінде, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне тұрақты негізде нысандарды аралай отырып, құрылыс жұмыстары аяқталғанша мониторинг жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.