Бұл көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда едәуір төмен. Ұн өндіру 22,4% – ке, сүт өнімдері 1,2% – ке, макарон 30% – ке кеміген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтың айтуынша, қолданыстағы өндірісті жаңғыртпай, агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа заманауи объектілерін салуға инвестиция құймай қайта өңдеу өнімдерінің көлемін ұлғайту мүмкін емес.
“Бүгінгі таңда 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. 225 млрд теңгеге бағаланған 130 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Онда екі мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Бұл ретте жобаларды пайдалануға берудің нақты мерзімдері көрсетілген өңірлік жол картасы бекітілді. Мұның сыртында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үшін алдағы үш жылда 15 жобаны қолға аламыз. Оған 107 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланған. Инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткен жылы 15 млрд.теңге бөлінді. Сүт-тауар фермаларын салуға қатысты алты инвестициялық жобаға несие берілді”, – деді басқарма басшысы.
Алайда, И.Бекмұхамедов Алтынсарин ауданының “Олжа – Беляевка” ЖШС және Федоров ауданының “Олжа Алтын-Инвест” ЖШС инвесторлары сүт-тауарлы фермасы құрылысының мерзімін бұзғанын айтты. Бүгінгі таңда электр желілері салынып жатыр. Ұңғымалар бұрғыланды, жабдықтар мен малды жеткізуге шарттар жасалған. Бірақ, екі жобаның әрқайсысына берілген 3 млрд теңге несие әлі күнге дейін игерілмепті. Сонымен қатар, Еуразиялық Даму Банкі әрқайсысы 4,8 млрд теңге тұратын жобаларды несиелеуге құлық танытпай отыр. Сондықтан, шаруашылық о баста түзілген жобларды қайта түзетуге мәжбүр. Мәселен, “ОлжаАгро” компаниялар тобының ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта олар сүт-тауарлы фермалар жобасын 1 200-ден 600 малға шақтап жатыр. Бүгінгі таңда фермалардың құрылысы тоқтатылды.
“Бұл жағдай инвестициялық жобаларды іске асыруға қауіп төндіреді. Осыған байланысты, Алтынсарин және Федоров аудандарының әкімдіктері инвесторлармен белсенді жұмыс істеп, бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет”, – деді Ибрагим Бекмұхамедов.
Алдағы екі жылдың бедерінде облыстың жеті өңірінде он сүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың құны 27,3 млрд теңге. Инвестициялық жобалар пайдалануға берілгенде жылына 33,7 мың тонна сүт өндірілмек. Асыл тұқымды мал саны-5,5 мыңға жеткізіліп, 165 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде Қостанай ауданының “Надеждинка”, Қарасу ауданының “Ақ Ниет” шаруашылықтары, “Тапаев Т. Б.” ШҚ, Алтынсарин ауданының “ArashAgro” ғана жобалық-құндық құжаттарын әзірлеген. “Ақ Ниет” ЖШС және “Тапаев Т.Б.” ШҚ “Тобыл “ӘКК” АҚ-на оларға талдау жүргізу, ұсынылған жобаның қорытындысын дайындау және кредит алу үшін құжаттар тапсырды.
Қостанай ауданының “Надеждинка” ЖШС жобаны іске асыруды әлі бастаған жоқ. Ал жобалық-құндық құжат екі жылдан астам уақыт бұрын дайындаған.
Басқарма басшысының айтуынша, Жітіқара ауданының “Шаденов А.С.” шаруа қожалығы (жобалаушы “М-АРХ” ЖШС), “Тогас и К” ЖШС және Қарабалық ауданының “Манас” ЖШС (жобалаушы “Көкшестройпроект”ЖШС) жобалаушылармен ортақ шешім қабылдағанмен, оны жүзеге асыруға асықпай отыр. . Қарасу ауданының “Бидай К” ЖШС, Ұзынкөл ауданының “Киевское” ЖШС, Сарыкөл ауданының “Аллахвердиев г.И.” ШҚ инвесторлары жобалық-құндық құжаттарын әзірлемеген. Осылайша, Жітіқара, Қостанай, Қарасу, Қарабалық, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында жобаларды іске асыру мүмкін болмай тұр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жобаны кешіктірген аудан әкімдеріне сын айтты. Өйткені, игерілмеген жобаларға бірден-бір жауапты аудан, қала басшылары.
“Жүктелген тапсырманы орындауға немқұрайлы қарамаңыздар. Жауапкершілік алынбайды. Сіздердің жұмыстарыңызға аты аталған жобалар жүзеге асқанда ғана баға береміз. Инвстиция тарту- бұл ең алдымен жұмыс орынан ашу деген сөз. Мұның өңір экономикасын дамытуға әсері зор. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде біз өз позициямызды нығайта түсуіміз керек”, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі өңірде кәсіпорындар жылына екі млн тонна өнім өңдеуге қауқарлы екнін алға тартты. Ол үшін жаңа нысандар салу қажет. Мемлекет басшысы қайта өңдеу көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы күн тәртібінен түспейді. Аудандарда сүт өңдеу, басқа да ауыл шаруашыығы тауарларын өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеуі керек. Мұны жергілікті атқарушы билік жүйелі түрде атқаруы керек.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев