Кеше жұмысын бастаған облыстық штабтың Арқалық өңірлік штабының мүшелері бүгін қалаға қарасты су басқан Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарында болып, халықпен кездесті. Төтенше жағдайлардың салдарларын өз көздерімен көріп келді.
Екідің – биылғы алапат су тасқынын өңірде алғашқы болып қарсы алған ауыл.
Екпіні қатты ағын су жолындағысының бәрін жайпап, жолдарды шайып, көпірлерді қиратып кеткен. Бүгінде бүлінген жолдар уақытша жөнделіп, ауылмен қатынас орнай бастаған.
Өңірлік штаб жетекшісі, облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов бастаған штаб мүшелері ауылға пароммен өтті.
Ауыл мектебінде халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың ой-пікірлерін тыңдады. Көтерілген мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
Тасқын судан бағандардың құлауы салдарынан бұл ауылда әлі күнге дейін жарық жоқ. Генераторлар жеткізілген. Алайда, шалғайдағы ауыл үшін оның жанармайы да тапшылық тудырады.
Ауылдың бас маманы Сағдат Мұратұлының айтуынша, тасқын кезінде ауылда 26 үй суға кеткен. Мұның сыртында шаруа қожалықтарынан 7 үй су астында қалған. Үйлеріне су кірген тұрғындар қаладан, ауылдан туыстарының үйін паналап, кейбіреулері қаладағы жатақханаға уақытша орналасқан.
Тағы бір күрделі мәселе – су кірген үйлерді бағалаушылардың жарамды деп тануы.
Ауылда мұндай екі үй бар екен. Штаб мүшелері ол үйлерді де арнайы барып көрді.
«Бес балам бар. Бесеуі де оқушы, студент. Үйіме су кіріп, малмандай болып қалды. Жөндеуге жарамды дейді. Саманнан салынған үйдің іргесі үгітіліп, опырылып жатыр. Үкіметтің жағдайыммен санасып, қаладан үй алып беруін сұраймын», – дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Шамшатова.
Ал екінші үйдің отағасы Айдарбек Молдашұлының мектеп жасындағы үш бірдей баласы бар.
“Жолдасым алтын алқа иегері. Былтыр ауылда мектепке бала саны жетпей, Түркістаннан күйеубаламды 4 баласымен көшіріп алдық. Үй болмай, менің үстіме кіріп отыр. Кішкентай үйде екі отбасы тұрып жатырмыз. Менің өзімнің мектепте оқитын 3 балам бар. Үйге су кіріп, құрт-құмырсқа жайлап кетті. Мұндай жерде балаларды қалай оқытамыз? Амал жоқ, үй берсе де, бермесе де қалаға көшуге тура келеді», – дейді ауыл тұрғыны Айдарбек Молдашұлы.
Қызылжұлдыз ауылын тасқын су түгелдей жайпап кеткен. Жарқабақтың басында жарамды деп танылған жалғыз үй қалыпты. Оның өзінің сарайы құлап қалған. Өзге үй-жайлар, қора-қопсылар апаттан соң астаң – кестеңі шығып, жайрап жатыр.
Мектептің де қалқайып тұрғаны болмаса, қабырғалары қаусап, төбесі опырылайын деп тұр. Қайыңды ауылдық округінің әкімі Берік Ғабдуллиннің мәлімдеуінше, қазір бұл ауылдың тұрғындары түгелдей дерлік қалаға қоныс аударуға бел буған.
Су басқан ауылдардың бүгінгі тағдыры осындай. Үйсіз-күйсіз қалған тұрғындардың мәселелерін жеделдетіп шешу күн тәртібінде тұр. Өңірлік штаб өз жұмысын жалғастыруда.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы