Өңірімізде ат спорты қалай дамып жатыр?

Өңірімізде ат спорты қалай дамып жатыр?

Башқұртстанның Баймақ қаласында өткен “Башқұрт Аты” халықаралық фестивалінде Қазақстан атынан барған Қостанай облысының “Олжа” командасы бас жүлдені жеңіп алып,   1 млн рублді қанжығалады. Осы жөнінде және өңіріміздегі ат спортының аяқ алысы жайлы команда бапкері Бақдәулет Асановтан білген едік.

 

– Бақдәулет, Қазақтың атын шығарып, үлкен жеңіспен оралып жатсыңдар құтты болсын! Әңгімемізді ұлттық ат спортындағы жолыңыздан бастасақ.

 

–Ұлттық ат спортына алты жасымнан келдім. Менің әкем Оразқожа Сейдахметов осы өңірге ат спортын дамытуға қызмет барысында келген болатын. Сол кісінің қасында еріп жүріп, бала шабандоз атандық, талай бәйгеге шаптық. Артынан теңге алу, қыз қуу, аударыспақ, көкпармен айналыса бастадық.

 

– Сол кездегімен салыстырғанда бүгінгі ат спортының өңірдегі аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?

 

–Қазіргі кезде өңірдегі ат спортының жағдайы өте жақсы деп айта аламын. “Қостанай көкпар федерациясы” деген қауымдастық құрған болатынбыз. Қостанайдың беткеұстар бизнесмендері, заң саласындағы азаматтары, облыстың бас имамы барлығы қолдап, осы Қостанайдың көкпарын жұдырықтай жұмыла дамытып жатқан жайымыз бар. Осының алдында ғана айтып өткенімдей, бұл жердегі ат спортының дамуы әкемнен бастау алады. Ол кісі спортынан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы. Көкпардан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 2000 жылы осы Костанайға оңтүстіктен көшіп келдік. “Қазақ тұлпары” жылқы зауыты ол кезде үкіметтікі. Сол жерде ұлттық ат спортының дамуына үлес қосып, 2011 жылы дүниеден өтті. Сол кісінің ұйымдастыруымен 2005 жылы алғаш рет көкпардан Қазақстан республикасының жастар арасындағы чемпионаты өткізілген болатын. Содан кейін араға он сегіз жыл салып, жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатын өткіздік. Оған он үш команда келіп қатысты. 16-18 жас аралығындағы Қостанайдың шабандоздары бесінші орын алды. Мұндай жарыстарға алғаш қатысқан шәкірттеріміз төрт командамен жолықты. Алматы, Тараз, Қызылорда командаларын ұтып келе жатқан.Түркістан облысының командасынан топта ұтылып қалып, ары қарай шыға алмай қалдық.

Ересектеріміз Башқұртстанның Баймақ қаласында өткен “Башқұрт Аты” деген халықаралық фестивалінде башқұрттардың ережесі бойынша шауып, бірінші орын алды. Бас жүлдеге 1 млн рубл берді. Ол жақта сегіз команда жиналған екен. Алғашқы кездесуде жарыс қожайындарынан басым түстік. Сосын Қазақстанның атынан барған екінші команда –Ақтөбе қаласының көкпаршыларын жеңдік. Үшінші Татарстанды ұтып, ақтық бәсекеде Мәскеу командасы жолықты. Осылайша жеңістің көк туын көтеріп елге оралған жайымыз бар.

Қазіргі Қостанайдың көкпарының үздік дәрежеде екенін алдағы уақытта да осылай дәлелдей береміз деп ойлаймын. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров федерация президенті болғалы біраз жұмыс атқарылуда. Жарысқа дейін спортшыларды дайындау, олардың жағдайын жасау секілді мәселелер назардан тыс қалып жатқан жоқ. Алдағы Қазақстан чемпионатына жаңа қарқында барамыз деген сенімдеміз. Қомақты қаржыға федерациямызға бабы келіскен сәйгүліктер алынып жатыр. Ендігі мақсатымыз – үлкен жарыстарда тек үздік нәтиже көрсету.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу