Өңірдің соңғы жаңалықтары

Өңірдің соңғы жаңалықтары

Өндіріс өркендеп келеді

Облыста. Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 610 млрд теңгеден астам сомаға өнім шығарған. Ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Сондай-ақ, тау-кен саласында да елеулі табыс бар. Жалпы, өңірге шамамен 486,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелеріне, оның экономикалық ықпалына баса мән беріліп отыр.

 

Станция құрылысы басталды

Арқалық. Қалада жел электр станциясының құрылысы басталды. Жоба құны –35 миллиард теңге. Құжатта көрсетілгендей, станцияның қуаттылығы 10 МВт болмақ. Нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыстың мерзімге сай әрі сапалы жүргізілуін Энергетика министрлігі жіті бақылауда ұстайтын болады.

 

Қоржында – қола мен алтын

Қостанай ауданы. Тобыл қаласының тұрғыны Динара Құтжолова парадзюдодан өткен Азия чемпионатында қос бірлей медаль иеленді. Елордада өткен турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан және Жапония елдерінің спортшылары қатысты. Жерлесіміз жарыстың алғашқы күнінде үшінші тұғырдан көрінсе, екінші күні қарсылас шыдатпай жеңімпаз атанды.

 

Мерейтойға арналады

Жітіқара. Ауданның 95 жылдығына орай табысты, танымал жітіқаралықтар жерлестер форумын өткізді. Әр өңірден жиналған аудан азаматтары оқушылармен, жастармен, тұрғындармен кездесулер, конференциялар өткізді. Түрлі сала бойынша шеберлік сабақтары, шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, гүлзарларға көшет отырғызылды. Форум соңы концертке, би кешіне ұласты.

 

Ауылда «Алла үйі» салынады

Б.Майлин. Новоильинов ауылында мешіт құрылысы басталды. Бастамаға халық қаржы жинап жатыр. Оған ауданның ғана емес, облыстың әр өңірінің ниет білдірген азаматтары үлес қосуда. Жақында аудан әкімі мен имам нысанның алғашқы кірпішін қою рәсімін өткізді. Мешіт ауқымы – 10 шаршы метр. Бір мезетте елу адам қабылдай алады.

 

Олжамен оралды

Қарабалық. Челябі облысында самбодан ашық аймақаралық турнир өтті. Ел намысын қарабалықтық жеткіншектер абыроймен қорғап қайтты. Олар Екатеринбург, Уфа, Челябі, Магнитогор, Түмен, Қорған, Орск қалаларының спортшыларымен сынға түсті. 33 келі салмақта Жанас Темірбаев чемпион атанса, 32 және 29 келі салмақта Асылбек Байжанов пен Алан Меңдіқұловтар қола медаль тағынды.

 

Тәртіп сақшысы есірткі сатқан

Қостанай. Есірткі таратты деген күдікпен полиция қызметкері ұсталды. Қостанай облысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті мен облыстық Полиция департаменті қызметкерлері бірлескен операция өткізіп, қалада синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен полиция қызметкерін ұстады. Қазір аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Жаңалықтармен бөлісу