Өңірдің БАҚ өкілдеріне арналған тренинг өтті

Өңірдің БАҚ өкілдеріне арналған тренинг өтті

Қостанайда «Қазақстандық Медиа Желі» қоғамдық бірлестігі және «Қостанай таңы» газетінің ұйымдастыруымен «Америка тәжірибесіне негізделген медиаэтика» тақырыбында тренинг өтті. Оған өңір журналистері мен болашақ сала мамандары қатысты.

Қазақстандық медиа сарапшы, “Қазақстанның медиа желісі” бірлестігінің атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаева комитет жұмысымен таныстырды.

– Күн сайын этикалық нормалардың бұзылып жатқанын көріп жүрміз. Әсіресе, бұның балаларға қатысы бар. Зорлық-зомбылыққа душар болған баланың суретін береміз. Күдіктіні сотқа дейін қылмыскер деп атап жібереміз, ақпаратты тексермей таратамыз. Осындай жағдайлар қоғамның журналистерге деген сенімін төмендетті. Індет белең алған тұста бұл айқын көрінді. Халық жалған ақпараттың астында қалды. Сол себепті журналистерге кәсіби тұрғыдан көмек қажет болды. Зерттеу нәтижесі медиаэтика арқылы жүзеге асатынын көрсетті. Бізде кодекс ескірген, яғни, 2012 жылдан бері қаралмаған. Біз медианың негізгі принциптерін қолданысқа енгізу арқылы, ең алдымен, журналистердің кәсіби шындалуына жол ашамыз, екінші ақпарат алаңының сапасын арттырамыз, үшінші аудиторияның нақты сеніміне ие боламыз. Сол кезде қоғам да, журналистер де, блогерлер де этикалық нормаларды сақтауға тырысады, – дейді ол.

Семинардың медиатренері Қуаныш Есқабыл медианың негізгі принциптеріне тоқталып, журналистік этика мәселелерін тарқатты.

– Елімізде медиа саласының өзін-өзі реттеу деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ журналистердің жұмысына бағыт-бағдар беретін Журналистердің этикалық кодексі мен Медианың негізгі принциптері қабылданған. Бірақ оларды басшылыққа алып отырған редакциялар мен әріптестеріміз жоқтың қасы. Материалдың шынайылығы мен оперативтілігіне назар аударып, этикалық нормаларға мән бере бермейміз. Тренингте Қазақстандағы медиаэтика принциптерін негізге ала отырып, нақты жағдайларда журналистер қандай қадамдар жасаған дұрыс екені түсіндірілді. Америкалық және Қазақстандық тәжірибелерді негізге ала отырып, кейстермен жұмыс істедік, – дейді медиатренер.

Семинарға қатысушылар осындай тренигтердің аймақтағы, аудандағы журналистер үшін ауадай қажет екенін жеткізді.

– Жалпы, осы сипаттағы семинар-тренингтер жиі болғаны дұрыс. Өз басым соңғы рет осындай тренингке 12 жыл бұрын қатысыппын. Қазақ тілді журналистер арасында жиі болса дейміз. Семинар барысында көп дүние игердім. Ең алдымен, жаңа ортамен тіл табысып, тәжірибе алмастық. Медиасауаттылық бойынша түрлі жағдайға тап болғанда журналистің іс-әрекеті, жазу бағытын меңгердім, – дейді Рудный қаласында шығатын “Магнетит” апталық газетінің тілшісі Ерғали Убайдуллаев.

Тренинг соңында іс-шараға белсенді қатысқан БАҚ өкілдері мен студенттер сертификаттармен марапатталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бибіт Мирамұлы

Жаңалықтармен бөлісу