9 июня, 2025
Өңірдің алты мектебі – Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарында

Өңірдің алты мектебі – Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарында

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті еліміздегі «Үздік 100 мектеп – 2025» тізімін жариялады.

Бұл тізімге республика аймақтарынан және үш мегаполистен бес-бестен іріктелген мектептер енді.

Мектептерді бағалау барысында оқу жетістіктері, ғылыми жобалар мен олимпиадалардағы табыстар, педагогикалық құрамның кәсібилігі мен оқу процесінің сапасы сынды 20 түрлі өлшемшарт ескерілді.

Қуаныштысы, Қостанай облысынан бірден алты мектеп бұл мәртебеге ие болды. Аталған білім ордаларының қатарында бір ауыл мектебі де бар. Бұл – облыстың білім сапасының жоғары деңгейде екенін және ауыл мектептерінің де үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсетеді.

Үздік атанған Қостанай облысының мектептер – Қостанай қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназия, Қостанай қаласындағы физика-математика лицейі, Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы, Рудный қаласындағы №4 мектеп-лицей, Лисаков қалалық мектеп-лицейі, Аманкелді ауданы Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі.

Мектептерді бағалауда білім алушылардың ҰБТ нәтижелері (орташа балл 120-дан жоғары), PISA for Schools 2023 тестілеуі, олимпиада жеңімпаздарының үлесі, инклюзивті білім беруге жасалған жағдайлар, педагогикалық құрамның кәсібилік деңгейі, ата-аналар мен оқушылардың мектепке қанағаттану деңгейі сияқты бірқатар маңызды көрсеткіштер есепке алынған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бас маманы Айман Игисинованың айтуынша, облыстан бірден алты мектептің үздік тізімге енуі – аймақ үшін үлкен жетістік.

Сырбай Мәуленов атындағы гимназия директоры Асылан Мәдибаев бұл жетістікті жүйелі әрі сапалы еңбектің нәтижесі деп бағалады:

«2024 жылғы 13 желтоқсанда мемлекеттік аттестациядан «Үлгілі» баға алдық. Бітіруші түлектердің 100%-ы ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 97,4-ке жетті. 75% оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – оқушыларымыздың дайындығы мен педагогтардың кәсібилігінің дәлелі», – дейді ол. Гимназияның үздік 100 мектеп қатарына енуі – жүйелі әрі сапалы жұмыстың нәтижесі Біз бұл жетістікті болашаққа бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі деп бағалаймыз», – дейді Асылан Ізбасарұлы.

Ауыл мектебі – Аманкелді ауданындағы Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің үздіктер қатарынан көрінуі – ерекше мақтаныш.

Бұл – ауылдық білім беру мекемелерінің де республикалық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.

«Үздік мектеп – 2025» марапаты – ел көлемінде білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қостанай облысының үздік мектептері бұл мәртебеге жаңашыл көзқарас, кәсіби шеберлік және тұрақты даму арқылы жетіп отыр.

Шұға Қоңқабай