Қостанай облысында баспаналары қалпына келтіруге келмейтін тұрғындардың 43,7%-ы жаңа үйге қоныстанды.
Өңірдеда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасып жатыр. Бүгін Қостанай ауданының баспанасы қалпына келтіруге келмейтін 74 отбасы жаңа тұрғын үй иемденді. Жаңа қоныс иелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов кездесті.
“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Мемлекет бар жағдайды жасап, шығындарды өтеу, әлеуметтік төлем жасау, бұзылған үйлерді қалпына келтіру, жаңасын тұрғызу іспетті жұмыстарды атқарады”.
Бұдан басқа, Қостанай ауданының зардап шеккен тұрғындарының зақымданған мүлік шығыны өтеліп, әлеуметтік көмек түріндегі өтемақы берілді. Төлемдердің жалпы сомасы – 191,3 млн теңге. Қалпына келтіруге жарайтын барлық үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, олар осы жылдың 15 маусымына дейін аяқталуға тиіс.Мұнымен қоса, “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қаражаты есебінен облыстың Қостанай, Аманкелді және Жанкелдин аудандарында 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. BAZIS-A компаниясы Арқалық қаласында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастады. Пәтерлер Арқалық қаласының, Аманкелді және Жанкелдин аудандарының зардап шеккен тұрғындарына беріледі. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындар үшін Қостанай қаласының Қонай шағын ауданында 15 үй салу жоспарланған, оның 8-і басталды.
Мемлекет шығынды өтеудің екі әдісін: жаңа үй салу немесе нарықта дайын пәтер сатып алуды ұсынады.
Залалды бағалау жөніндегі комиссияның мәліметінше, Қостанай облысында 475 үй қалпына келтіруге жарамайды. Қазіргі уақытта 208 тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілген, бұл – зардап шеккендердің 43,7%-і. Пәтерлер тұрғындардың меншігіне беріледі.